Үйде электр энергиясын үнемдеудің қарапайым жолдары

Үйде электр энергиясын үнемдеудің қарапайым жолдары
фото: https://7kun.kz/

        Ақшаңызды үнемдеуге көмектесіп, электр қуатына аз шығындалуға мүмкіндік беретін тәсілдер көп. Оны біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Мұндай қулықтардың кейбірі қосымша шығын қажет етуі мүмкін. Мысалы, терезелерді жылылау. Бұл ретте бірақатар адам энергетикалық тиімді тұрмыс техникаларын алуды жөн көреді. Бірақ ең тиімді әрі ұтымды амал ретінде электр қуатын үнемдеп, қалтаңыздан артық шығын шығармайтындарын атай аламыз. Сонымен қатар табиғат ресурстарын үнемдеу арқылы күллі адамға ортақ ғаламшарымызды қорғауға атсалысасыз. Яғни жердің, ауаның ластануына, қышқылды жаңбырдың пайда болуына ықпалыңыз азайып, парниктік эффектіні жеңілдетесіз. Төменде аталған әдістерді қолданып көрсеңіз, ақшаңыздың үнемделуіне ғана емес, қоршаған ортаға да тигізер пайдасын байқайсыз. Бастысы, өте тиімді әрі тегін.

Кір жуу және кептіру

Кір киімді суық суда жуыңыз. Бәлкім, кіржуғыш машина барабанды айналдыру үшін, электр қуатын көп тұтынады деп ойлайтын шығарсыз. Ал шындығында кіржуғыш машина жұмсайтын электр қуатының шамамен 90 пайызы суды ысытуға кетеді. Егер кірді салқын сумен жуатын режимін таңдасаңыз, біраз ақша үнемдей аласыз. Жылы су киімдегі дақты кетіруде тиімді. Бірақ сапалы ұнтақ таңдасаңыз, кір киімді тазартуға суық су да тиімді. Сонымен қатар киім кептіргіш машинаны да қолданудың қажеті жоқ. Күн жылы болса, жуылған киімді далаға жайыңыз. Бұл кеңеске құлақ ассаңыз, тағы да біраз ақшаңыз қалтаңызда қалады әрі киіміңіз жұпар аңқитын болады. Киімді үйде кептірудің де өз тиімділігі бар. Оған қоса киіміңізге күте білгеніңіз жөн. Егер киімді кір жайғыштан немесе электрлі кептіргіштен сәл дымқыл күйінде алсаңыз, үтіктеген кезде көп қиналмайсыз. Ал электрлі кір кептіргіштен бас тартқыңыз келмесе, ылғалдылық тетігі бар түрін таңдағаныңыз абзал. Мұндай машинаға кір кептіру үшін көп уақыт қажет емес.

Компьютерді өшіріп жүріңіз

Компьютерді қолданбаған уақытта қосылған күйінде қалдырмаңыз. Компьютер мен мониторын өшіріп жүрсеңіз, біраз ақшаңызды үнемдей аласыз. Сонымен қатар электр қуатын 80 пайызға аз жұмсайсыз. Өз кезегінде ол атмосфераға шығарылатын иіс газының көлемін бірнеше килограммға азайтуыңызға мүмкіндік береді.

Үйді жылыту және салқындату

Егер үйіңізде термостат болса, қыс мезгілінде температурасын төмендетіп қойыңыз. Ал жазда салқындататын қызметін жиі қоспаңыз. Ұйықтап жатқаныңызда немесе үйде болмаған уақытыңызда жылуды сөндіріңіз. Мұның бәрі үйді жылытуға жұмсалатын шығынды азайтуыңызға көмектеседі. Жазда үйіңіз тым салқын болғандықтан, жылы киім іздеудің орнына, кондиционерді өшіріп қойғаныңыз жөн емес пе? Ал үйіңізге камин орнатсаңыз, оның бөлмеден жылуды тартып, мұржаға жіберетінін білгейсіз. Сондықтан үйіңізді жылытуға қанша күш салғаныңызбен, жылу мұржа арқылы шығып кететін болады. Яғни ақшаңыздың босқа ауаға ұшқаны. Бұл ретте жабық жүйелі, газбен жағылатын түрін таңдағаныңыз ләзім. Ол – әлдеқайда тиімді әрі үнемді.

Желдеткіш, кондиционер және пердені дұрыс қолдана біліңіз

Перде мен терезе – үйдегі температураны қадағалуға мүмкіндік беретін заттар. Көптеген адам үйге жайлылық орнататын әдістердің аталған дәстүрлі түрлерін естен шығарып жатады. Перде үйге күн көзін түсірмейді. Ал түнде ауа температурасы салқындағанда, кондиционерді өшіріп, терезені ашып қойыңыз. Егер желдеткішті дұрыс қоя білсеңіз, кондиционерді алмастыра алады және әсері одан еш кем түспейді. Десе де кондиционерден бас тартқыңыз келмесе, барынша тиімділігін арттырғаныңыз жөн. Оны жиі қолдансаңыз, әр апта сайын сүзгішін тазалап тұрыңыз.

Ыстық суды аз пайдаланыңыз

Егер үйіңізде бойлер болса, су жылыту қызметін ең төменгі деңгейде ұстаңыз. Оның өзі қажеттіліктеріңіз үшін жетіп жатыр. Егер бойлер жылы болса, оқшаулағыш материалмен немесе жылы көрпемен орап қойыңыз. Осылайша ішіндегі судың жылылығын сыртқы температураның әсерінен қорғай аласыз. Құбырдағы су жылу ұстап тұруы үшін де оны оқшаулағышпен орап қоюыңызға болады.

Плитаны қолдану ережесі

Плитаны қосар алдында үш қайтара ойланыңыз. Біле білсеңіз, тамақты микротолқынды пеште жылыту арқылы, плита тұтынатын электр қуатын 5 есеге үнемдей аласыз. Қыста плитадан бөлінген жылу пайдалы болар, бірақ жазда үйіңіздегі кондиционердің жұмысына күш түсіруі мүмкін. Плитаға тағам дайындайтын кезде, дұрыс ыдыс қолданыңыз – табаның көлемі темірпеш қақпағымен бірдей болуы тиіс. Нәтижесінде электр қуаты аз жұмсалады. Сонымен қатар тағамды суға пісіргеннен бұрын, буға дайындағаныңыз жөн. Және ыдыстың қақпағын жабық қалдырыңыз. Сонда тағамыңыз жылдам әзірленеді. Электрлі плита сатып алар кезде, нұсқаулығымен танысыңыз. Онда плитаның энергия тұтыну деңгейі көрсетілуі тиіс. Бұл электр қуатын қаншалықты көп жұмсайтыныңызды бағамдауға мүмкіндік береді.

Мультиварканы қолданыңыз

Егер тағамды мультиваркада дайындасаңыз, электр қуатын үнемдеуіңіз әлдеқайда тиімді болмақ. Кәдімгі плитамен салыстырғанда, мультиварка электр қуатын аз тұтынады.

Тоңазытқышты таза ұстаңыз

Тоңазытқышты тұрақты түрде тазалап отырсаңыз, моторының жұмысы жеңілдейді. Осылайша электр қуатын үнемдеп қана қоймай, тоңазытқышыңыздың өмірін ұзартасыз.

Терезелерді жылылаңыз

Барынша жылыланған үй – жылы әрі жайлы үй. Жылылау – өзіңізді және үйіңізді суықтан қорғаудың ең жақсы әдісі. Поролон қиықтары терезедегі саңылаулардың барлығын бітеуге мүмкіндік береді. Ол үйіңізді жылытуға жұмсалар шығынды 30 пайызға азайтады. Сонымен қатар қорғаныс қабаты бар терезе орнатуыңызға немесе оны терезеге өзіңіз жапсырып алуыңызға болады. Мұның барлығы үйіңізді жылытудағы шығыныңызды төмендетеді.

Флуоресцентті шамдарды пайдаланыңыз

Мүмкін сіз шағын флуоресцентті шамды ешқашан қолданып көрмеген боларсыз. Олай болса, байқап көріңіз! Бір ғана шамның өзі бірнеше мың теңгеніңізді үнемдей алады. Оған қоса мұндай шам кәдімгі қызу шамына қарағанда әлдеқайда ұзақ қызмет етеді. Ал кепілдік талонын сақтап қойсаңыз, сатып алған флуоресцентті шамыңыз уақытынан бұрын істен шыққан жағдайда көп көмегі тиеді. Нәтижесінде үйіңіздің жарығын қауіпсіз әрі үнемді ете аласыз.