Тұтынушы құқығы: дүкенде суретке түсіруге бола ма?

Тұтынушы құқығы: дүкенде суретке түсіруге бола ма?
фото: vm.ru

Дүкенннен алған тауар жарамсыз немесе сапасыз болатын жайттар кездеседі. Мұндай кезде не істеу керек? Кімге хабарласқан жөн? Заңгер Назира Біләлқызы осыған қатысты сұрақтарға жауап берді.

Егер тауар сапасыз болса...

Фото: kpblog.ru

Фото: kpblog.ru

Алдымен, дүкенге наразылық (шағым) жазу керек. Шағымда тауардың нақты ақауын жазып, талабыңызды қоса көрсеткен дұрыс. Яғни, өнімді айырбастағыңыз келе ме, әлде төленген ақшаны қайтаруды қалайсыз ба, осыны ашып түсіндіріңіз. Мұны жазу үшін сатып алу күні, өнім атауы, сериялық нөмірі, бренд, талап-арызды жазған күніңіз бен қолыңыз қойылады. Бұл өтініштің біреуі сізде болады. Екіншісін дүкен әкімшісі не уәкілетті органға тапсырасыз. 

Сатып алмай тұрып, тауарды бүлдіріп алсам...

dirmagazina.ru

dirmagazina.ru

Мұндай жағдайда тұтынушы тауардың ақысын төлеуге міндетті емес. Бұған сатушы жауапты. Ал сізді кінәласа, сотта дәлелдеуі керек. Егер сізге "төлеңіз" деп қысым жасаса, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Қазақстан Республикасы азаматының еркін жүріп-тұруына ешкім кедергі бола алмайды.

Кірген кезде сөмке тапсыру міндетті ме?

Дүкен ішіне кірген кезде сөмке немесе басқа да заттарыңызды қалдыруға міндетті емессіз. Бұл - сіздің өз еркіңіз. "Тапсырыңыз" деп айтса, дүкен әкімшісін немесе полицияны шақыруға құқығыңыз бар. 

Сурет-видеоға түсіре аламын ба?

Фото: geekhow.ru

Фото: geekhow.ru

"Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" ҚР Заңының 24-бабына сәйкес жеке меншік болса да, оферта келісім-шарты бар барлық қоғамдық орындарда сурет пен видеоға түсіруге рұқсат етілген.

Сөреде көрсетілгеннен басқа бағамен сатылса...

Егер тауар сөреде тұрғаннан басқа бағаға сатылса, чек арқылы дәлелдеп, полиция шақыруға құқығыңыз бар. Бұл жағдай әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Дәлелденген жағдайда дүкен 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

Тауардың құжатын сұрауға бола ма?

Фото: buh.mcfr.kz

Фото: buh.mcfr.kz

Дүкенде сатылатын кез келген тауардың құжатын сатушыдан немесе дүкен әкімшісінен сұрай аласыз. Ол сізге тауар туралы барлық ақпарат жазылған құжатты көрсетуге міндетті. Мұндай жағдайда талап ету құқығыңыз бар.

Ұнамаған жағдайда кері қайтарсам...

Тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде кері қайтаруға құқығыңыз бар. Сатушы толық құнын немесе басқа затқа айырбастауға міндетті. Бұл үшін тауардың сапасы бүлінбеген, таза болуы керек. Сондай-ақ алынған чекті бірге апарған жөн. 

Есіңізде болсын: дәрі-дәрмек, ішкиім, шұлық, өсімдіктер, мата, кілем, телефон кері қайтарылмайды.

Кімге хабарласу керек?

Фото: forestry.by

Фото: forestry.by

Тұтынушы өз құқығының бұзылғаны туралы төмендегі нөмірлерге хабарласа алады:

- Телеграмм-бот (kzpp_bot)

- Электрондық үкімет порталы https://www.gov.kz/services/3130?lang=kk)

eotinish.kz

Консультация беретін телефон нөмірлері: +7 (7172) 75-06-49, 74-98-32, 74-98-36.

Жұмыс уақыты: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 09:00-18:30-ға дейін, түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін.  

Сонымен қатар тұрғындар https://e-tutynushy.kz тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы қоғамдық бірлестіктерге, сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне, бизнес субъектілеріне өтініш бере алады.

Bugin.kz