Түркияда жер сілкінісі құрбандарының саны 40,6 мыңнан асты

Түркияда жер сілкінісі құрбандарының саны 40,6 мыңнан асты

Эпицентрі Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған екі жойқын жер сілкінісінің құрбандары саны 40 642 адамға жетті. Бұл туралы сенбі күні Анкарада өткен брифингте Түркия үкіметі жанындағы табиғи апаттармен және төтенше жағдайлармен күрес департаментінің (AFAD) басшысы Юнус Сезер мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, апат аймағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жексенбі, 19 ақпанда аяқтау жоспарланған.

«Қазір іздеу-құтқару жұмыстарына 13 мыңға жуық адам қатысуда. Шетелден көмекке келгендерге шын жүректен алғыс айтқым келеді. 80 елден келген құтқарушылардың бір бөлігі отанына оралды», - деді AFAD басшысы.

Сезер жер сілкінісінен зардап шеккен провинциялардағы тұрғын үй қорының 50 пайыздан астамының жағдайын бақылау аяқталғанын айтты.
AFAD басшысы тек өзі басқаратын департамент желісі арқылы ғана апат аймағынан 430 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын атап өтті. Елдің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түркиядағы қоқыстарды жоюға 88 елден 11 мың құтқарушы қатысқан.

Фото: ru.sputnik.kz