Түркияда Қазақстан құтқарушылары адамдарды өз денесімен қалқалап үйінді астынан шығаруда

Түркияда Қазақстан құтқарушылары адамдарды өз денесімен қалқалап үйінді астынан шығаруда

Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан Қазақстан мамандары үйінді астынан адамдарды өз денелерімен қалқалап шығарып жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлімдеді.  

Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінділер астынан тағы 3 адамды аман тапты. 

ТЖМ ұсынған видеода Нурдагы қаласындағы құтқарушылар арнайы жасалған ойықтың көмегімен адамды түгелімен қираған ғимарат астынан шығарып жатыр.
Еліміз мамандары зардап шеккен адамның қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, оларды үйінділер астындағы қозғалыс кезінде өз денелерімен қалқалап шығарып жатыр.

«Қазақстандық құтқарушылар екі тәулікке жуық уақыт бойы адамдардың орналасқан жеріне жол салды. Осы уақыт ішінде зардап шеккендермен аудио байланыс үзілген жоқ», - делінген министрлік мәліметінде.

Еске салайық, құтқарушылар мен дәрігерлер енген Қазақстан құтқарушыларының екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды. Хаттайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат (Мирус) Құрмашевтің денесі де қирандылар астынан табылды.

Соңғы мәліметке сәйкес, Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты, 72 мыңға жуық адам зардап шекті.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото kazpravda.kz