фото: https://sputnik.kz
Тұрғын үй кезегіне тұратын адамдар саны артқан
Қазір әкімдіктерде 600 мыңнан астам қазақстандық баспана кезегінде тұр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға қарамастан баспана кезегіне тұратын азаматтар саны азаймай отырғанын мәлімдеді.
"Қабылданып жатқан шараларға және көптеген азаматтың тұрғын үй мәселелері шешілгеніне қарамастан, баспанаға мұқтаж адамдардың кезекке тұруы тұрақты өсіп келеді. Бүгінгі күні әкімдіктерде 623 мың азамат кезекте тұр. Оның 400 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жатады. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шаралары аясында бір жылда небәрі 20 мың (3,21%) азамат тұрғын үймен қамтылады, ал кезектілік орта есеппен 50 мың (8%) адамға артып жатыр", - деді Дауылбаев сенатта өткен үкімет сағатында.
Айтуынша, кезектіліктің өсуі бюджетке айтарлықтай ауыртпалық түсіреді. Оның үстіне әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен жеңілдетілген кредит беру үшін қомақты инвестициялар қажет, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорын күтіп-ұстау керек.
Биыл министрлік алдында барлық қаржыландыру көздері есебінен 15,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 137,7 мың тұрғын үй салу міндеті тұр.
"Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында 7 мыңнан астам азамат сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, өңірлерде кезекте тұрғандар үшін "Отбасы банк" арқылы сатылатын 9,8 мың кредиттік тұрғын үй салынып жатыр", - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, кезекте тұрған 6,1 мың азаматты 2% мөлшерлеме бойынша, тағы 7,8 мың адамды 5% мөлшерлеме, жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін кезекте тұрғандарды тұрғын үй төлемдерімен мемлекеттік қолдау шаралары негізінде қамту жоспарланған.
https://sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через