Түлектер арасында қандай пәндер комбинациясы танымал

Түлектер арасында қандай пәндер комбинациясы танымал
фото: sputnik.kz

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев түлектер ҰБТ үшін қандай пәндер комбинациясын көп таңдайтынын айтты. "Комбинацияларға тоқталсақ, талапкерлердің басым бөлігі, яғни 18 пайызы – математика-физика, 17 пайызы – биология-химия, 13 пайызы – шығармашылық және 10 пайызы биыл ҰБТ-ға алғаш рет енгізілген математика-информатика комбинациясын таңдады. Жылдағыдай ең аз таңдалатын комбинация – химия-физика, оны бар-жоғы 218 бала ғана таңдаған", - деді Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол биыл негізгі ҰБТ-ны тапсыруға 166 мың талапкерден екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш қабылданғанын атап өтті.

"Биыл Қазақстан бойынша мектеп бітірушілер саны 172 мың, соның 82 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Талапкерле тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды. Бұл ретте екі мүмкіндік үшін бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын таңдауға болады", - деді орталық директоры.

Оның айтуынша, ҰБТ тапсыруға бір күн қалғанда талапкерге және оның ата-анасына SMS-хабарлама жолданады. Бұған дейін ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев білім гранттарына құжат қабылдау қашан басталатынын мәлімдеді.

Қазақпарат