Теңге, баспана бағасы қалай өзгереді?

Теңге, баспана бағасы қалай өзгереді?

       Теңге бағамы алдағы уақытта қалай өзгеруі мүмкін, бір доллар қанша теңге болады?  Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға қалай әсер етеді, қандай қиындықтарға дайын болуымыз керек? Ресейден жеткізілетін тауарлардың қай түрінен тапшылық болуы мүмкін? Алдағы уақытта ірі қалаларда жылжымайтын мүлік өзгере ме? Қазіргі қиын сәтте экономика тұралатып алмас үшін Қазақстанға қандай қадамдарға барған дұрыс?  Осы және өзге де сұрақтарға экономист Жасұлан Күшебаев сұхбат барысында жауап берді.

       - Жасұлан, Ресей мен Украина арасындағы соғыс теңге бағамының құлдырауына әсер еткені белгілі. Көпшілік теңгеміз алдағы уақытта тағы құлдырай ма деп алаңдаулы. Экономист маман ретінде теңге бағамына қатысты қандай болжам жасар едіңіз?

       - Теңге курсы қалай құбылуы мүмкін дегенге қазір нақты болжам айту қиын. Өйткені геосаяси факторлар оған өте қатты әсер етіп отыр. Ақпанның 24-нен 25-не қараған күні Ресей Украинаға басып кіргенде рубль қатты құлады, сәйкесінше ол теңгеге де әсер етті. Теңге АҚШ долларына шаққанда бір күнде 10 пайызға құнсызданды. Жағдай осылай жалғаса берсе теңгеге өте ауыр тиеді.

       Рубль құнсызданып барады, ал біздің теңге оның тұзағында, оны да ескеруіміз керек. Бұрын 1 рубль 5 теңгеден асатын, қазір 4,20 теңге болып тұр. Алдағы уақытта Ұлттық Банк 1 рублді 5 теңгеге дейін қайта теңестіруі мүмкін. Олай жасамаса елде экономикалық проблемалар пайда болады. Мәселен, Ресейдің тауарлары бізде арзандайды, сәйкесінше біздің алып-сатарлық бизнес көлік, жиһаздың барлығын сол жақтан әкеле бастайды. Ресейге қазір Еуропа шекарасын жапты, сондықтан олар өз заттарын Қазақстанға қуана сатады.  Соның салдарынан отандық өнеркәсіп тұралайды, олардың өнімі өтпей қалуы мүмкін. Оның алдын алу үшін Ұлттық банк рублдің 5 теңге көлеміндегі бағамына қайтып келетін шығар. Бұл дегеніңіз теңгенің тағы құнсыздануы. Қазір 1 доллар 130 рубль көлемінде, егер 130 рублді 5 теңгемен алатын болсақ 1 АҚШ доллары 650 теңге болу керек. 
Қазір Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұр, ол бірден өзгеріп кетсе халық дүрлігіп, не істерін білмей қалуы мүмкін. Бұл сол үшін жасалып отырған іс-шара. Теңгені ұстап тұру үшін жасалған интервенция, депозиттердің базалық мөлшерлемесін көтеруі және депозитті теңгемен салсаңыз сыйақысының өсуі сияқты шаралардың барлығы теңге бағамын ұстап тұруға бағытталған. Өкінішке қарай бұл шаралардың барлығы қысқа мерзімді, мемлекет ұзақ  уақыт олай ұстай алмайды. Өйткені экономикалық тұрғыдан олай жасау дұрыс емес. Біздің үкімет рублдің күшейгенін қалағанымен Батыс елдеріне оның керісінше  құлдырағаны керек болып тұр.  

       - Батыс елдері Ресейге санкциялар салып жатыр, бұл Қазақстанға қалай әсер етеді, біз қандай қиындықтарға дайын болуымыз керек?

       - Ресейге салынып жатқан санкциялардың Қазақстанға тура да, жанама да әсері бар. Оның кері әсерімен қатар оң тұстары да бар. Ең бірінші артықшылғы Ресей нарығына бағытталған инвестициялар Қазақстанға келуі мүмкін. Ол үшін Қазақстан нейтролитет саясатты ұстануы қажет, яғни Ресейді ашық қолдамай, Батыс елдеріне өзінің Украинадағы соғысты қолдамайтынын дәлелдей білуі керек. Бұл біз үшін мүмкіндік, Қазақстан нарығы арқылы шетелдік компаниялар өз тауарын Ресейге сата алады. 
Ал, кері әсеріне келсек, біздің ең басты сауда серіктесіміз Ресей. Екі ел арасындағы сауда айналым өте жоғары, әрі бізге тауардың басым бөлігі осы елден келеді. Ресейге салынған санкциялар ондағы тауар өндірісінің тоқтап қалуына әсер етіп жатыр. Ондағы өндірістің тоқтауы сәйкесінше бізге де әсер етеді.

       - Ол жақта өндіріс орындары тоқтаса, бізде кейбір тауар түрлеріне тапшылық болуы мүмкін бе?

       - Иә. Мәселен, біздегі автоөндіріс автокөлік бөлшектерін Ресейден әкеледі, сол себепті отандық нарықта көліктердің жетіспеушілігі туындап, оның арты көлік бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ өзге де тауарлардың тапшылығы болады. Ол Қазақстанның ішкі өнімін және өмір сүру сапасының  төмендеуіне әкеп соғуы ықтимал. 
Сондай-ақ Ресейдің толық сиклді емес өнеркәсіптері өнімнің кейбір бөлшектерін шетелден алдырады, ол технологияға байланысты. Сондықтан ондай өнімдерді бізге жібермейді, ол өздерінде тапшы болады. Ал біздің бизнес пен үкімет осы жағынан балама көздерді қарастыру керек. Түркиядан, Еуропа, Қытай немесе басқа елдерден жеткізу жағын қарастырған жөн. Бір сөзбен айтқанда Ресейден жеткізіліп келген тауардың қайтысы тапшы болады, соның орнын толтыру үшін қазірден басап серіктестер іздей беру керек.

       Ресей бізге азық-түлік, оның ішінде сүт өнімдерін жеткізуші. Оларда бұл өнімдерді өндіру жақсы жолға қойылған, сондықтан ол жағы тоқтамауы мүмкін. Керісінше алдағы уақытта бізге ресейлік азық-түлік өнімдері көптеп жеткізілуі мүмкін. Яғни, шетелге сатып келген тауарын бізге әкеледі. Бұл бізге қауіпті, өйткені отандық сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға үлкен бәсекеле болайын деп тұр.

       Одан бөлек Ұлыбритания билігіндегілер Қазақстанға да санкция салу керек дегенді айтты. Ресей Қазақстан арқылы саудасын жүргізсе, санкциялардың әсері болмай қалады дегенді көтерді. Сондықтан олар бізді де бақылап отыр. Егер бізге де санкция салса бұл ең үлкен қауіп. Өйткені азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп және технологиямен өзін қамтамасыз ете алмай отырған біз үшін бұл үлкен соққы болады.

       - Бізде доллар өссе болды барлық тауардың бағасы өседі. Соның ішінде жылжымайтын мүліктің бағасына қатысты не айтар едіңіз?

       - Қазіргі экономикалық жағдайда алдағы жарты немесе бір жыл көлемінде еліміздің ірі қалаларында жылжымайтын мүліктің бағасы өсуі мүмкін. Ақша бағамы құбылған кезде көпшілік қаражатын инвестицияға құйғанды жөн көреді. Біздегі ең қатты дамыған инвестиция ол жылжымайтын мүлік сатып алу. Біздің адамдар осы жағын жақсы біледі және меңгерген. Қысқа мерзімде жылжымайтын мүлікке деген сұраныс артуы мүмкін. Ақша күннен күнге құнсызданып барады, сәйкесінше азаматтар үй алып қалуды ойлайды. Соның салдарынан баспана бағасы қымбаттайды. Алайда ұзақ мерзімде жылжымайтын мүліктің бағасы төмендеуі әбден мүмкін. Себебі алдағы уақытта елдегі экономикалық дағдарыстан қымбатшылық болуы мүмкін. Доллар өскен соң шеттен келетін тауарлардың бағасы да қымбаттайды. Сол себепті адамдарда үй сатып алатын артық ақшасы болмауы мүмкін және баспанаға деген сұраныс төмендейді, яғни, бір жылдан кейін үйдің бағасы күрт төмендеуі де мүмкін. Сондықтан қазір үйге инвестиция салу қауіпті шешімдердің бірі.

       - Әңгімеңізге рахмет!

       Ақпарат дереккөзі