Қазір Қазақстандағы біржолғы әлеуметтік төлемнің шекті мөлшері жеті еселенген төменгі айлық жалақыға тең. Яғни, ең төменгі айлық - 42 500 болса, шекті сома - 297 500 теңгені құрайды. Егер жүкті не босанған әйел табыссыз қалса, 1 124 550 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы ала алады. Бір ескеретіні, жалақысы шекті сомадан асатын азаматшаға да осы тәртіппен беріледі. Себебі заңға сәйкес табысы бекітілген мөлшерден асса, әлеуметтік есептеулер жүргізілмейді.
Ай сайынғы әлеуметтік төлем бәріне бірдей беріледі. Бірақ көлемі осы төлемді алушылардың жұмысы бар, жоқтығына қарай өзгеріп отырады.
Жұмыс істемейтіндерге берілетін әлеуметтік төлем
Мәселен, жұмыс істемейтін әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшері мынадай: бірінші балаға -16 802 теңге. Екінші балаға -19 865 теңге. Үшінші балаға - 22 899 теңге. Төртінші баладан бастап - 25 962 теңге. Бұл төлемдер айлық есептік көрсеткішке байланысты көтеріледі.
Жүктілікке дейін не жүктілік кезінде жұмыс істегендер үшін төлем тапқан табысына қарай өзгереді. Бірақ бұл жағдайда да шектеулер бар. Мысалы, әйел сәбиі жасқа толғанға дейін табысынан айырылған болса, ай сайынғы әлеуметтік төлем 119 000 теңгеден аспайды. Әрі, ол сома жұмыс істемейтін азаматшалар алатын ақшадан төмен болмауы тиіс.
Бала босанғанда берілетін бір реттік төлем әйелдің жұмыс істеген, істемегеніне қарамайды. Яғни, бекітілген нормаға сәйкес бірінші, екінші және үшінші балаға - 110 846 теңге, ал төртінші баладан бастап 183 771 теңге.
Көп балалы отбасылар үшін де орташа айлық табыстары жәрдемақы алуға әсер етпейді. Төлемдер балалар санына қарай есептелінген. Яғни, төрт балаға - 46 760 теңге, бес балаға - 58 457 теңге, алты балаға - 70 154 теңге, жеті балаға - 81 852 теңге және жетінші перзенттен кейінгі әр балаға қосымша 11 668 теңге қосылып отырады.
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мүгедектігі бойынша алатын ай сайынғы жәрдемақыларынан бөлек қосымша көмек көрсетіледі. Мұндай жәрдемақының мөлшері 48 023 теңгені құрайды. Ал "Алтын" және "Күміс" алқа иегерлеріне төленетін мемлекеттік жәрдемақы 18 669 теңге.
Ал жәрдемақы алуға өтініш беру үшін өзіңіз тұратын өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Немесе электрондық үкімет сайты арқылы арыз тастауға болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через