Ұқсас мақалалар
Ол миллионер атанудың қандай екенін біледі. Себебі, 2 млн данадан астам күйтабақ шығарған. Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Өзі мұны үйреншікті жұмысым деп санайды.
Мен қазір бұрынғыдай көп жұмыс істемеймін. Кейде қалада серуендеп жүрсем, немесе қоғамдық көлікке мінсем, адамдар келіп сәлемдесіп: «қазір қайда жүрсіз?» деп сұрап жатады. Яғни, мен тыңдармандарымның жүрегінде қандай да бір із қалдырған екенмін деп ойлаймын.
Шын есімі – Пантелей. Ал бала кезінде еркелетіп Панлаки деп атаған. Ал Лаки сахналық лақап аты. Ағылшын тілінен аударғанда бақытты деген мағынаны білдіреді.
Эллин корольдігі. Оның төлқұжатында осылай жазылған еді. Ол Батумиде, Түркиядан шыққан грек-босқындарының отбасында дүниеге келген. 1949-шы жылы Қазақстанға жер аударылған.
Қазақстан халқы құшақ жая қарсы алды. Ол кезде өздерінің де жағдайы мәз болған жоқ. Соған қарамастан жергілікті халық шеттен келгендермен соңғы нанын бөліп берді.
Жаңа қонысқа көшу оңай соқпады. Отбасы мүшелері үй ішінде понтий диалектімен сөйлескенімен, жергілікті тұрғындармен тез тіл табысып кетті. Бұған әулеттің өнерге жақын екендігі септігін тигізсе керек.
Әкем, грек лирасы – кеменджеде ойнады. Нағашы атам да музыкалық аспапта ойнады. Анам әнді жақсы салды.
Оған музыкаға деген қызығушылық қанмен берілген. Лаки Кесоглу бала кезінде радиоқабылдағышты тыңдағанды өте ұнатқанын айтады. Кинофильмдерді көп көріп, сахнаға шығуды армандаған.
Экраннан көргендерімді үйге келген соң айнытпай қайталауға тырысатынмын. Әнді тек үйде салатынмын. Негізі өте ұялшақ болдым. Сондықтан қатты уайымдадым. Осы мінезіммен үлкен сахнаға шыға алмай, ән айта алмай қаламын ба деп қорықтым. Физика пәнінен сабақ беретін жақсы мұғалім бар еді. Сахнаға шығуыма сол мұрындық болды. Ол жаңа жыл кешінде мені ән айтуға көндірді. Көпшіліктің алдында алғаш рет сол кезде ән шырқадым. Содан бері ән салып келемін.
Осыдан кейін жас Лакидің тілегі орындалып, жолы ашылды.
Анам мені вокзалға алып барды. Ол кезде алдын ала билет алу деген жоқ. Анам жолсеріктермен келісіп, мені Шымкентке баратын пойызға отырғызып жіберді. Училищенің ғимаратын тауып, құжаттарымды тапсырдым. Өнер жолым осыдан басталды.
Шымкент – атақ-даңққа жол бастайтын шаһар. Осы қалада Лаки Кесоглудың өнердегі бағы жанды. «Шымкент музыкалық училищесінде оқыған кезім ең бақытты жылдарым болды», дейді ұстаз. Училищені үздік аяқтаған соң, үлкен оқу орнына түсуге ұмтылды. Бір қызығы, оны Кеңестің оқу орны грек төлқұжатымен қабылдады. Тек екі жыл өткен соң Лаки Кесоглу төлқұжатын ауыстырып, шәкіртақы ала бастады.
Мен ән айтамын деп шештім. Алғашқыда классикалық шығармаларды орындағаныммен кейін эстрада жанрын таңдадым. Бағым жанып, 25 жыл Қазақ радиосының штаттағы әншісі болдым. Сол кезде менің күйтабағым миллион данамен шықты. Мен бұдан ешқандай ақша алғаным жоқ. Ол кезде күйтабақтың санына қарап қаламақы төлемейтін. Ол сондай-ақ Кеңестер Одағында грек тілінде шыққан алғашқы күйтабақ атанды.
Мұнан кейін тағы күйтабақтар шықты. Жалпы ел ішінде Лаки Кесоглудың 2 млн-нан астам күйтабағы тарады. Ол қанша танымал болса да асып-таспады.
Даңқың асып жатса, әрине қуанасың. Бірақ бақтың баста ұзақ тұрмайтынын білу керек. Мәңгі ештеңе жоқ.
Отбасын басты байлығы санайды. Зайыбымен отасқанына 60 жыл болды, үш баласы бар. Кеңес миллионері беделі мен даңқы артқан кезде де көп ақша жинауға ұмтылмады, саяжай салмады, көлік сатып алмады. Лаки Кесоглу адамның дауысы шарап секілді, уақыт өткен сайын тек жақсара түседі дейді.
Қазақ радиосының мұрағатында 35 жыл бұрын жазылған жазбалар сақталған. Ол кездегі дауысым басқаша естіледі. Әрине, ол уақытта тәжірибем аз болатын. Ал қазір мен ол әндерді басқаша шырқар едім. Ешқашан патриоттық әндерді орындаған емеспін. Дауысым тенор. Мұндай дауыспен тек махаббат жайлы әндерді шырқау керек.
Әнші үшін бастысы дауысты сақтау. Ауыр көтеруге, суық су ішуге, ащы тағам жеуге болмайды. Бірақ Лаки Кесоглу бұл ережелердің ешқайсысын сақтаған емес. Сонда да тамағы ауырып, дәрігер қызметіне жүгінген емес.
Ол кәсіби әншіге сахнаға шығу үшін арнайы дайындалудың қажеті жоқ дейді.
Менің үйде ән айтып, дауысымды жаттықтырғанымды көршілерім естіген емес.
Әнші Грекияға алғаш рет 1989 жылы барды. Өзінің айтуынша, оның үш отаны бар, солардың ішіндегі ең құрметтейтіні - Қазақстан.
Менің бүкіл өмірім осында өтті. Қазақстан менің басты отаным. Өйткені, мен осында өсіп-өндім.
Сахнада лайықты өнер көрсету, көрерменнің ықыласына бөлену үшін тер төгу. Өнер иесі үшін ең бастысы осы.
Әрине, мен өзімді бақытты жанмын деп айта аламын. Бірақ бақыт деген ұғым шексіз емес пе?!
Фото: ratel.kz
Жазира
Aida
Галымжан Керимбек