Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда «Еңбек» бағдарламасымен қоныс аударушыларға 1,2 мың тұрғын үй салынса, соның әр үшіншісі сапасыз тұрғызылған.
Бұл жайында СҚО қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар субсидия алумен қатар, жұмыспен, баспанамен қамтылды. Соңғы үш жылда «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс аудандарында салынған 1 206 үй сатып алынды. Бұл мақсатқа 8,630 млрд теңге жұмсалған.
«Мониторинг және үйлерді тексеру барысында 485 баспананың жүрдім-бардым салынғаны анықталды. Олардың 472-сі бүгінде жөнделді, 13 үй бойынша жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Бұл баспаналардың 6-ы Айыртау ауданында орналасқан. Сот арқылы мердігермен келісімге келдік. Құрылысшылар осы жылдың 31 мамырына дейін кем-кетікті түзеулері тиіс. Ал қалған үйлер Мамлют және Тайынша ауданында тұрғызылған», дейді СҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин.
Басқа өңірлерден келген ағайынға арналған үйлердің кейбірінің шатырынан су ақса, енді бірінің едені дұрыс төселмеген. Кіреберіс есік сапасыз орнатылып, сантехника қойылмаған.
«Баспаналардың маңына қора-қопсы салуға, септик қаздыруға, қоршауға, электр және сумен жабдықтауға, жолдарды жөндеуге аудан және облыс бюджетінен 800 млн теңге жұмсалды. Бағдарлама аясында тек үйлерді сатып алуға ғана қаражат бөлінді. «Еңбек» бағдарламасы аяқталғанымен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударушыларға қатысты жаңа ережелер қалыптастырмақ. Қазір олар әділет органдарына тіркеуге жіберілді.
Ережеде қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің үш тетігі бар: үйлерді сатып алу, баспана құрылысы, жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау. Тұрғын үй құрылысы жұмыс берушінің 15 %-ы қоса қаржыландыруымен салынады. Сондай-ақ «жалдау ақысын 50 де 50 субсидиялау қағидалары» енгізілмек. Бұл бойынша өңірде 63 үй дайын тұр», - дейді Қайрат Мұстафин.
Осыған дейін СҚО-да емхана ғимараттарының 75 пайызы тозғаны туралы жазылған болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через