Созақ ауданында 13 зауыт салынады

Созақ ауданында 13 зауыт салынады
фото: https://smartnews.kz

2027 жылға дейін ауданда 1 трлн. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Әкімдіктің хабарлауынша, келер жылы өңірде жоба құны 100 млрд. теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. 89 млрд. теңгеге «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. 130 млрд. теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы - 2 млрд. текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 млрд. теңгені құрайды.

 - Жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда  1706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Біз өнеркәсіп саласын дамытуға күш саламыз. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық береміз. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі, - дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Сондай-ақ өнеркәсіп берген өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 млрд. теңге табыс әкелген. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 млрд.теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 млрд. теңгені құрған.

ҚазАқпарат