Этникалық қазақтар үшін "бір терезе" қағидатын енгізу қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында айтты.
“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы 5 жылға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Біз тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарын сапалы іске асыруымыз керек. Әсіресе, шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет. Бірнеше жыл болды, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Оңтүстік Кореямен қазақстандық жұмыскерлердің құқықтарын қорғау жөнінде келісімдерге қол жеткізілген жоқ”, - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, аталмыш жұмысты аяқтау үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе шұғыл шараларды қабылдау керек.
"Бұдан басқа демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыру және этникалық қазақтарды қабылдау бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Тарихи Отанына көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар үшін "бір терезе" қағидатын енгізу керек. Бұл ретте "бір терезе" функциясын біздің шет елдердегі мекемелер атқарады. Оларға жүгінетін этникалық қазақтар кіру визасын ғана емес қандас мәртебесін беру жөнінде шешім туралы, қоныстану аумағы және жергілікті жерлерде берілетін мемлекеттік қолдау туралы ақпаратты алуы тиіс", - деді Үкімет басшысы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через