Сеулде GGGI конференциясы өтті

Сеулде  GGGI конференциясы өтті

       Жаһандық жасыл өсу институты Қазақстанға атмосфераға шығарындыларды азайтуға көмектеседі.

       Бұл  туралы Сеулде өткен GGGI конференциясында айтылды. Жиынға еліміздің атынан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің делегациясы барды. Айта кетсек, еліміз осы халықаралық ұйымның форумына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысты. Қазақстанның жаһандық жасыл өсу институтына қосылуын қарастыратын заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жеті бұрын ғана қол қойды. Сондықтан GGGI конференциясында отандық делегация мүшелері құттықтауларды қабылдады.

       GGGI-дегі басты тұлға - Пан Ги Мун. Бұл институт 2012 жылы Пан Біріккен Ұлттар Ұйымын басқарған кезде құрылған. Ал 2018 жылы ол Жаһандық жасыл өсу институтының президенті болып сайланды. Экс-бас хатшының беделі қатысушы елдерге инвесторларды жылдам тартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта GGGI-ға 44 мемлекет мүше болса, тағы 20-ға жуық мемлекет оған қосылуға ниетті.

       Президент Тоқаев үкімет алдына қойған міндеттердің бірі 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруді 15 процентке дейін арттыру. Экология вице-министрдің айтуынша Қазақстанда көмірден жанартылатын және баламалы энергияға көшу жоспары қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда парниктік газдар шығарындыларының 73 проценті қатты отынның үлесінде.

       Жаһандық жасыл өсу институты қазірдің өзінде Қазақстанда жүзеге асырылуы мүмкін алғашқы жобаларды қарастыра бастады.

       Қазіргі уақытта Қазақстанның жаһандық жасыл өсу институтына қосылуының соңғы рәсімдері жүргізіліп жатыр. Тиісті куәлік дипломатиялық арналар арқылы GGGI депозитарийіне берілгеннен кейін еліміз осы ұйымның толыққанды мүшесі болып саналады. Бұл шамамен екі аптаға созылады.

       Ақпарат дереккөзі