Ғалымдар 10 жыл таба алмай келген құпияны ЖИ 48 сағатта ашты

Ғалымдар 10 жыл таба алмай келген құпияны ЖИ 48 сағатта ашты
фото: pixabay.com

Ағылшын ғалымдары ондаған жылдар бойы супер-бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін зерттеп келеді. Бірақ оның құпиясын тапқан емес. Жасанды интеллект жұмбақтың шешуін 48 сағатта тауып берді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ғалымдар ондаған жылдар бойы зерттеп келген супер-бактериялардың антибиотиктерге төзімділігінің себебін жасанды интеллект екі күн ішінде қорытып, жаңа идеялар ұсынған.

Gemini 2.0 Фото hothardware.com сайтынан алынды

Соңғы жылдары туберкулез жағдайлары Ұлыбританияда және бүкіл әлемде жиілеп бара жатқаны микробиологтарды қатты алаңдатуда. Өйткені бұл аурудың антибиотиктерге төзімділігі күшейген.

Google әзірлеген AI co-scientist жасанды интеллект құралының көмегімен микробиологтардың он жыл уақыты кеткен күрделі мәселе небәрі 48 сағат ішінде шешілді. 

AI co-scientist – бұл көп-агентті жасанды интеллект жүйесі. Ол Gemini 2.0 негізінде жасалған виртуалды ғылыми көмекші. Ол ғалымдарға жаңа гипотезалар мен зерттеу ұсыныстарын әзірлеуге көмектесіп, ғылыми және биомедициналық жаңалықтарды жылдам ашуға көмектеседі.

Империялық колледждің профессоры Хосе Р. Пенадес және оның командасы супер-бактериялардың антибиотиктерге төзімді болу себептерін анықтау үшін жылдар бойы зерттеу жүргізуде. Жақында профессор Google AI co-scientist жүйесіне өз зерттеуіне байланысты қысқаша сұрақтар қойған, ал жасанды интеллект 48 сағат ішінде профессордың ондаған жыл бойы зерттеп жасаған ғылыми қорытындысымен дәл келетін тұжырымдар жасаған. 

Профессор Фото royalsociety.org сайтынан алынды

Бұл зерттеуді профессор әлі жарияламаған, жасанды интеллект оны ашық дереккөздерден таба алмайды. Оның қалай дәл осындай қорытындыға келгеніне ғалымның таңғалғаны сонша, ол тіпті Google компаниясына «Сіздердің ЖИ жүйелеріңіз менің компьютеріме кіруі мүмкін бе?» деп хат жазады. Алайда Google мұндай жағдайдың болмағанын растайды. Профессор Пенадес BBC-ге берген сұхбатында бұл жағдай оны қатты таңғалдырғанын айтады.

«Мен бір адаммен дүкен аралап жүрдім де, оған: «Мені бір сағатқа жалғыз қалдыршы, мына жаңалықты қорытуым керек» дедім», – дейді профессор. 

Профессор AI co-scientist оның жазбаларымен танысып, «өзім ашқан жаңалығымды қолданды ма екен» деп күдіктенеді. Алғашында профессор Хосе Р. Пенадес пен оның зерттеу тобы жасанды интеллект өздерінің зерттеуін жай қайталады деп ойлаған. Бірақ ЖИ олар күтпеген басқа да терең болжамдар жасаған, жаңа гипотезалар да ұсынған. Бұл жағдай жасанды интеллектің ғылымдағы мүмкіндіктері туралы жаңа сұрақтар туындатты. 

«Жасанды интеллект тек біздің негізгі гипотезамызды растап қойған жоқ. Ол қосымша төрт жаңа гипотеза ұсынды, және олардың бәрі қисынды, мағыналы. Оның бірі – біз ешқашан ойламаған идея. Қазір біз оны зерттеуге кірістік», – дейді профессор Пенадес.

Бұл оқиға жасанды интеллекттің өзінің жадына жүктелген зерттеулерді ғана қайталамай, жаңа ғылыми жаңалықтар ашуға қабілетті екенін көрсетеді.

Жасанды  Иллюстрация boxmining.com сайтынан алынды

Ғылым түбегейлі өзгереді

Ғалымдар супер-бактериялардың таралу әдісін түсінгісі келеді. Олардың гипотезасы бойынша супер-бактериялар әртүрлі вирустардан «құйрық» жасайды. Бұл құйрық олардың әртүрлі орталарда таралуына мүмкіндік береді. 

«Супер-бактериялар жаңа ортаға кіру үшін «кілт» жасап алады», – дейді профессор.

Бұл ғалымдардың ерекше теориясы болатын. Олар оны еш жерде жарияламаған, ал зерттеу тобының мүшелері бұл туралы ешкімге айтпаған. Сондықтан профессор Пенадес Google-дың жаңа жасанды интеллект құралын сынау үшін осы гипотезаны пайдаланады. Небәрі екі күн ішінде жасанды интеллект сол гипотезаны дәл қайталап, супер-бактериялар дәл осындай әдіспен таралатынын айтып береді.

 «Мен адамдардың алаңдауын түсінемін, өйткені бұл – олардың алғашқы реакциясы. Бірақ шын мәнінде, бізде керемет қуатты құрал пайда болды. Меніңше, бұл ғылымды түбегейлі өзгертеді», – дейді профессор Пенадес.

Жасанды интеллекттің осындай жылдам нәтиже беруі ғылыми қауымдастықта үлкен пікірталас тудырды. Кейбіреулер бұл керемет жетістік деп санаса, басқалары ЖИ ғалымдарды алмастырып, жұмыс орындарын қысқартады деп алаңдайды.

«Мен керемет бір нәрсенің алдында тұрмын, және осы өзгерістің бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Бұл маңызды ойынға футболшы болып қатысу мүмкіндігі сияқты. Мен өзімді Чемпиондар лигасында ойнап жатқандай сезінемін», – дейді профессор Хосе Р. Пенадес.

Ия, профессордың эйфориясын түсінуге болады. Жасанды интеллект ғылымға қандай әсер ететіні алдағы 2-3 жылда анықталатын болады. Қазақ елінің ғылымы да осы жарыстың ортасында болуына тілектеспіз. Біз бұған дайынбыз ба?!