31 қазан мен 4 қараша аралығында құқығы бұзылған сатып алушыларға жалпы сомасы 36 млн теңге қайтарылды.
5 күн ішінде Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мен оның өңірлік департаменттеріне тұтынушылар тарапынан 608 өтініш түскен.
«331 тұтынушыға құқықтық көмек көрсетілді, 274 шағым қанағаттандырылды, 87 өтініш құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға жіберілді. Сондай-ақ бір аптаның ішінде сотқа 1 талап қойылды, 1 ескерту шығарылды. Ал 4 жағдай татуласумен шешілді», - делінген комитет таратқан хабарламада.
Құзырлы орган дерегінше, елордалық тұрғын салынған сапасыз баспанаға қатысты шағым түсірген. Кейін тұтынушы талабына сай тиісті департамент сотқа шағым жолдаған. Нәтижесінде тұрғын үйді салу барысында кемшілік жіберген мердігер олқылықтарды жойған. Ведомство дерегінше, шығын сомасы 10 млн теңгеге бағаланған.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы тұрғынның шағымынан кейін оған 18 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
«Автосалон ер азаматқа 18 млн теңгеден астам сомаға сапасыз автокөлік сатқан. Сонымен қатар олар клиентке 300 мың теңгеге қосымша жабдық сатып алу талабын қойған. Ол аумақтық департаментке шағым түсіргеннен кейін автокөлігі тиісті сападағы көлікке ауыстырылды, қосымша жабдық үшін төленген барлық қаражат қайтарылды», - деп мәлім етті комитеттен.
Бұдан өзге, Ақмола, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары «Wildberries» интернет-дүкенінен сапасыз тауарлар алып, оны кері қайтара алмаған. Бұл іске Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті араласып, кейін тұрғындарға жалпы сомасы 330 мың теңгеден астам шығыны өтелген.
Фото: www.shutterstock.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через