Сапа талабы орындалмаса тауар сөреден алынады

Сапа талабы орындалмаса тауар сөреден алынады

                                   САПА ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛМАСА ТАУАР СӨРЕДЕН АЛЫНАДЫ

          Сапа және техрегламент талаптарына cай келмейтін өнім -- сөрелерден алынатын болады. Ол жөнінде Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология Комитетінің департамент басшысы Сауықбек Қапаев мәлімдеді. Оның айтуынша былтырғы  қабылданған ҚР «Техникалық реттеу туралы » Заң  осы 2021 жылдың 1-ші шілдесінде күшіне енеді. Бұл дегеніміз ҚР нарығын қауіпсіз емес және сапасыз өнімнен қорғайтын  болады. Бұл жаңа құжатқа сай алдағы уақытта өндіруші немесе сатушы емес, енді өнімнің өзі тексерілетін болады. Ол үшін әрине зертханалық сынақтар жүргізіледі.

          Мамандардың айтуынша бұл шараның мақсаты: өнімдердің сапасын көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Яғни кез-келген тауардың адам өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өнімнің сапасына қатысты тұтынушыны жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу болып табылады.

          Алдағы уақытта сапасы сын көтермейтін өнім өндірушілерге шара қолданылмақ. Былтырғы 2020 жылы сапа талабын сақтамағандарға 18 миллион көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, 5 мыңға жуық сертификаттың күші уақытша тоқтатылды.

           Сонымен  дүкендердегі өнімнің ішкі-сыртқы сәйкестігі туралы не білесіз?  Айталық, Алматы қаласында әр секунд сайын тауар сатып алынады, сонымен бірге азаматтар сапасы төмен тауарларға, тіпті кейде сатушы тарапынан алдау әрекеттеріне тап болады. Маманның айтуынша тауар-ақша қатынастары аясында қолайсыз жағдайлар да көп кездеседі. Әдетте дүкендер мен супермаркеттерде  сапасыз тауарларды еш қиындықсыз ауыстырып береді. Әрине оған міндетті түрде  фискалдық чек болу керек. Сонымен қатар,  «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес сапасыз тауарды сатып алған жағдайда, егер сатушы оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған жағдайда, тұтынушы өз таңдауы бойынша мынаны талап етуге құқылы: 1) сатып алу бағасын мөлшеріне (сапасына) қарай кемітуге; 2) өнімнің кемшіліктерін өтеусіз жоюға; 3) жарамсыз, сапасыз тауартауарға   өз қалтасынан жұмсаған шығындарын өтеуді талап етуге; 4) ұқсас маркалы  тауарға ауыстыруға; 5) шартты бұзуға және тауар үшін төленген ақшалай сомманы қайтаруды талап етуге құқылы. Кепілдік мерзімі үшін де өнімнің кемшіліктеріне байланысты талаптарды жою қажет екенін есте ұстаған жөн. Егер тауарларға кепілдік мерзімі белгіленбесе, кемшіліктерге байланысты талаптарды тұтынушы олар сатылған тауарда сатып алынған күннен бастап екі жыл ішінде табылған  жағдайда жоя алады. «Егер тауарды тексеру (сараптау) нәтижесінде кемшіліктер жоқ екені немесе тауарды тұтынушыға бергеннен кейін оның пайдалану,  сақтау  белгіленген қағидаларын бұзуы салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізуге арналған шығындарды, сондай-ақ тауарды тасымалдауға арналған шығындарды өтеуге міндетті» дейді.  Бұл ретте тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ, тауарды өз есебінен тексеруге құқылы екенін  есте сақтау қажет. Ұсыныс ретінде тұтынушыларға сапасыз өнім сатып алған жағдайда сауда орнында өзінің болғанын және сатып алғанын растау үшін суретке түсіруді ұсынады. «Дүкендерде суретке түсіруге тиым салынбайды. Егер чек жоғалған немесе берілмеген болса, бұл болашақта көмегін тигізуі мүмкін» деп толықтырады Алматы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департамент мамандары. Қарапайым мысал: күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының сыртқы қорабында, немесе оралған қағазында көрсетілген стандартқа сәйкес келмесе, айталық алған шәйіңіздің салмағы сәйкес келмесе тұтынушының талабын тыңдайтын  орындарға, яғни  жергілікті тұтынушылардың құқын қорғау департаментке  шағым айта аласыз. Мұндай тексерістің мақсаты ел азаматтарын, өнім сапасын нормативтік құжаттардың міндетті талаптарына сәйкестігін бақылау және сынау, қоршаған ортаның жәй-күйін, еңбек шартының қауіпсіздігін, сатушы мен тұтынущы арасындағы есеп айырысудағы, соның ішінде азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауды қамтамасыз етудегі дәйексіз өлшем нәтижелерін қорғау болып табылады. Сондықтан аты аталған тиісті орындар тұтынушылардың талабы мен қауіпсіздігіне тексеріс жүргізуге міндетті.