Шайқұмар болу қауіпті ме?

Шайқұмар болу қауіпті ме?

       Академик Төрегелді Шарманов жауап берді.

       Шай ішу тәртібі Еуропа пен Шығыс елдерінде әртүрлі. Біздің жақтарда шайды басым ішеді. Мен өзім Ұлытау өңірінде тұрдым. Бір самаурын шайды екі адам тауысып қоятын. Оның қандай зияндығы бар? Ешқандай зияны жоқ. Бәрі әдетке байланысты, дейді нутрициолог, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

       "Бәрі адам ағзасындағы суға байланысты. Міндетті түрде күніне бір жарым литр су ішу керек. Оны қайдан алады? Жаңағы шайды қосады, көжедегі суды қосады, тағы ішетін қымызы бар, оны қосады. Сонда нағыз керекті көлемнің мөлшері әртүрлі тағамдармен келіп жатады", – дейді ғалым.

       Академик "күнделікті ішілетін судың мөлшеріне тамақтың құрамында болатын суды қосуға болмайды" деген тұжырымға қатысты да ой білдірді.

       "Кей білгіштер тамақтың құрамындағы суды есептеуге болмайтынын айтып жүр. Бос әңгіме. Бірақ суды көп ішкеннің зияны жоқ. Астың, мәнді тамақтардың бәрі сол судың ішінде қорытылады", – деді ол.