фото: liter.kz
Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко атап өткендей, оқу жылының алдында студенттердің келуіне байланысты тамыз айында тұрғын үйді жалға алу бағасының өсуі қалыпты жағдай.
«Біз нарықтық экономикада көптен бері өмір сүріп келеміз және бағалар ұсыныс пен төлемге қабілетті сұраныстың әсерінен қалыптасатынын бәрі жақсы түсінеді. Қазір байқалып отырған нәрсе, әрине, пәтерді жалға алуға сұраныс артып келеді. Бұл объективті, маусымдық және жыл сайын қайталанатын үрдіс. Бір жағынан көптеген ЖОО-ң өз студенттерін кампус, жатақхана және басқа да тұрақпен қамтамасыз ете алмауына байланысты. Бағалар жақын арада шартты түрде 10-15%-ға көтеріледі. Тамыз айында көтерілген баға қазан айында кенеттен төмендейді деуге де болмайды. Себебі студенттер кем дегенде мамыр айына дейін тұрақты болады. Олар қазір пәтерлерді ай сайын жалға алмайды», - деді Н. Лукьяненко.
Жалға алушылар тұрғын үй нарығында кездесетін алаяқтыққа тап болатын кездері аз емес. Бұны болдырмау үшін риелторлар қауымдастығының өкілі тұрғын үйдің ғана емес, меншік иесінің де құжаттарымен мұқият танысуды ұсынады.
«Ең алдымен, сіз жылжымайтын мүлікпен танысып, қандай да бір келіссөздер жүргізген кезде, бұл депозит немесе жалдау шарты болсын, сіз кіммен келіссөз жүргізіп жатқаныңызды білуіңіз керек. Кез-келген келісім-шарт, мейлі ол депозит болсын, мейлі жалдау шарты болсын, ол меншік иесінің өзімен жасалуы керек. Жалға алушылар мен сатып алушылар пәтер құжаттарын сұрап қана қояды, жеке куәлікті сұрамайды. Бұл үлкен қателік. Пәтер құжаттарын тексеру сол пәтер иесінің жеке куәлігінен басталатынын түсіну маңызды. Көп адам бұл жайтты ескермейді. Екіншіден, кез келген келісім жазбаша түрде болуы керек. Сіз келіскен жағдайды нақты талқылауыңыз керек. Кез келген келісімшартты жазбаша түрде жасауға болады. Егер құжатқа екі тарап қол қойса, онда оның толық заңды күші болады. Нотариалды куәландырылған келісім-шарттың ғана негізі болуы мүмкін деп ойлау қате түсінік. Жылжымайтын мүлік саласындағы келісім жазбаша түрде жасалуы керек», - деп атап өтті ол.
Көпшілік қаражатты үнемдеу мақсатында делдал көмегіне жүгінгісі келмей, бірақ нәтижесінде «сұр» риелторларға тап болады, дейді Н Лукьяненко.
«Риелтордың қызметінен ақша үнемдегісі келетін жалға алушылардың үлкен қателігі, олар төмен бағадағы хабарландыруға сеніп, пәтер иесіне тікелей шығып, ақпараттық қызмет көрсететін компаниямен шарт жасай отырып, 10, 15 немесе 20 мың теңге алдын-ала төлемін қалдырып кетеді. Шарт бойынша оларға пәтер жалға беретін иелерінің нөмірлерін беру уәде етіледі. Сондықтан риелторлық қызмет көрсету шарттарын мұқият оқып шығу қажет. Аталған жағдайда сіз тек пәтер иелерінің телефон нөмерлерін сатып алдыңыз, пәтердің өзін емес, және де жалдау шартын жасамадыңыз. Бұл ақшаны қайтару мүмкін емес, өйткені компания сізбен ақпараттық қызмет көрсету туралы ғана шарт жасасады», - деп бөлісті ол.
Өз кезегінде Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев қауымдастық сайтында сенімді риелторлар мен компанияларды табуға болатынын атап өтті.
«Алаяқтық жағдайында, егер жалға алушы қауымдастыққа мүше компаниялардың құрбаны болса біз ішкі қызметтік тексеру жүргізіміз. Бар жағдайды, екі тарапты да талдап, тексереміз. Бұл уақытқа дейін бізде ондай жағдайлар тіркелген жоқ. Жалпы, қауымдастыққа мүше болудың өз шарттары және де барлық серіктес компания жұмыс барысында қолданатын өз кодексіміз бар. Басқа жағдайда, алаяқтық құрбаны сотқа жүгінуі керек. Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда алаяқтарға тап болмас үшін біздің қауымдастықтың сайтына кіріп, тексерілген компаниялар мен агенттіктердің тізімімен танысуға болады», - деп бөлісті О.Сатаев.
Сондай-ақ, ол алаяқтар үйді жалға алуға деген сұраныстың төмен, тіпті тапшылық жағдайында да айласын іске асыратынын айтты.
«Хабарландыру сайттарында аудандар бойынша төмен және жоғары бағадағы пәтерлерді табуға болады. Кей хабарландырулар бағаны ең төменгі бағадан 25-30% төмен көрсетеді, демек оған барлығы хабарласып, тез жалға алуды ойлайды. Алаяқтардың мақсаты - жалға алушыны асықтыру, өйткені төмен бағаны көріп, көбі жылжымайтын мүлікті иемденуге асығады, ал алаяқтар өзгенің ақшасын тезірек иемденеді. Осылайша, көп жағдайда алаяқтар келісім-шартсыз біреудің меншігіндегі пәтерді жалға өткізеді», - деп атап өтті спикер.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через