Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, былтыр отандық әуе компанияларының қызметіне жүгінген жолаушы саны 9,4 миллионға жеткен. Ал биылғы алты айда отандық әуекомпаниялар тасымалдаған жолаушынылар саны 4,5 миллионнан асқан. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Демек елімізде ұшақпен қатынау жылдан жылға артып келеді. Десе де, халық арасында әуе рейстерінің кешігуі мен кешіккен кезде көрсетілетін қызмет сапасына байланысты наразылық толастамай тұр. Осы тұста, ұшақтардың кешігуіне не себеп? Тұрақты рейс кешіккен кезде азаматтарға қандай көмек көрсетілуі тиіс? Өтемақының түрі мен мөлшері қалай өлшенеді? Әлем елдерінде бұл мәселе қалай шешілген? Міне, осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрген едік.
Отандық әуекомпаниялар бағыты
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде ішкі әуе рейстерін 57 маршрут бойынша 5 отандық әуе компания орындайды. Олар аптасына 687 рейс жасайды. Халықаралық ұшуларға келсек, аптасына 115 бағыт бойынша 28 елге 518 рейс жасалады. Бұл - Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив, Таиланд, Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Моңғолия, Үндістан, Иран, Чехия, Грекия, Италия, Қытай және Сауд Арабиясы (2022 жылғы қыркүйектен) орындалады.
Finprom сарапшыларының дерегінше, биыл қаңтар-шілде айлары аралығында әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 5,8 млн адамды құрады, бұл бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 12,8%-ға артық. Шілде айында 1,2 млн адам тасымалданған. Бұл маусым айымен салыстырғанда 7,3%-ға артық. Сондай-ақ әуе компанияларының кірістері 276,8 млрд теңгені құраған. Бір жыл бұрын осы кезеңде бұл көрсеткіш 189,2 млрд теңге болған. Кірістердің негізгі бөлігі, яғни 270,6 млрд теңге барлық бағыттарда жолаушыларды тасымалдау есебінен алынған. Ал 6,2 млрд теңге жүк пен багаж тасымалдаудан түскен. Экипажымен бірге көлік құралдарын жалға беруден түскен табыс 3 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар жолаушыларға арналған әуекомпаниялар қызметтерінің бағасы бір жылда 27%-ға өскен. Алайда былтыр әрбір бесінші рейс уақытында ұшпаған.
Әуекомпаниялар неліктен кешігеді?
11 мамырда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі әуе рейстер жайлы сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, 2020 жылы әрбір 8-рейс және 2021 жылы әрбір 5-рейс кешігіп ұшқан. Осы мәселенің маңызды екенін атап өтіп, депутат сауалын жолдаған болатын. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 51 мыңға жуық рейстің 6735-і кешіккен. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 67 828 рейс ұшқан. Оның 13 702-і кешіккен. 2021 жылы кешіккен 13 702 рейстің 7870-і борттың кешігіп келу себебінен болған.
Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты кешіккен рейстің саны - 880. 2021 жылы «Scat» әуе компаниясында ұшқан 11 785 рейстің 2805-і, яғни әрбір 4-ші (4,2) рейс кешіккен. Ал «Qazaq air» әуе компаниясы орындаған 9277 рейстің 2502-і немесе әрбір 4-ші (3,7) рейс кешігіп ұшқан.Ал «Air Astana» мен «Fly Arystan» компанияларының да әрбір 5-рейсі кешігіп ұшқан.
Әлем елдерінде рейс кешіккен жағдайда қандай көмек көрсетіледі?
Еуропада арнайы конвенция қарастырылған. Егер рейс кешіктірілген жағдайда жолаушының құқығы Еуроодақтың заңдарына сай жүзеге асырылады. Бұл ретте Монреаль Конвенциясы Еуропаның барлық елдерінде қолданылады. Яғни, бұл заң Еуропадан ұшатын барлық рейске, сол сияқты оларды ЕО-да тіркелген авиакомпаниялар орындаса, Еуропаға ұшатын рейстерге де қолданылады. Монреаль Конвенциясы бойынша авиакомпания рейстің кешігуі, багаждың зақымдануы немесе жоғалуы салдарынан жолаушыға келтірілген зиянның орнын толтырады. Шығын мөлшері жеке есептеледі. Оның ішіне такси шығындары мен негізгі қажеттіліктер де кіруі мүмкін. Растау үшін барлық түбіртектер мен чектерді тіркеу қажет. Бұл нормалар әртүрлі өтемақы түрлерін қарастырады және оларды бір уақытта талап етуге болады. Бірақ моральдық зиян өтелмейді. Еуропада жолаушының рейсі кешіктірілсе, оған авиакомпания өтемақы ретінде 250 еуродан бастап, 600 еуроға дейінгі соманы төлеуге міндеттеледі. Өтемақы құны рейстің ұшу шақырымына байланысты есептеледі.
АҚШ-та рейс авиакомпанияның кінәсінен кешіктірілген немесе тоқтатылған кезде жолаушы авиакомпанияның әуежайда көрсететін қызметін тегін пайдалануға құқылы. Қызметтердің мерзімі мен көлемі, әдетте тасымалдау шартында белгіленеді. Кешігу уақыты 4 сағаттан асқан жағдайда, компания қонақ үй мен көлікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жолаушы ұшақ кешіккен жағдайда қосымша ақысыз, егер авиакомпания ұсынса, басқа рейспен ұшуына немесе ұшудан бас тартып, билеттің пайдаланылмаған бөлігінің және қосымша қызметтердің (салондағы орындар, багаж және т.б.) толық құнын қайтара алады.
Қазақстанда рейс кешіктірілсе, жолаушыға қандай қызметтер көрсетілуі тиіс?
Қазақстанда авиакомпаниялардың рейстері кешіккен немесе тоқтаған жағдайда не болатыны «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 86-бабында көрсетілген. Яғни тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідірген кезде жолаушыларға төмендегідей жағдайлар жасалуы тиіс.
Жоғарыдағы суретте көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақы алынбай көрсетіледі. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кешігетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.
Айта кетейік, Азаматтық авиация комитеті отандық Air Astana мен FlyArystan компанияларына жолаушылар тарапынан көптеп шағымдар түскенін айтып, осы бағытта тексерістер жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, биыл шілдеден бері қазақстандық әуе компанияларға 8 000 АЕК (24 504 000 теңге) көлемінде 8 рет айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылды.
Дерерккөз Қазақпарат. Фото: sputnik-tj.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через