Қызылорда облысындағы жылу электр орталығына 5 млн теңге айыппұл салынды

Қызылорда облысындағы жылу электр орталығына 5 млн теңге айыппұл салынды
фото: Фото: Қазақстан премьер-министрінің сайты

Қызылорда облысындағы "Қызылорда жылу электр орталығы" кәспорнына 5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлады облыстық прокуратура.

Жылу орталығы тұрғындарға заңсыз артық талап жүктеген. Оны облыстық прокуратура тексеру кезінде анықтаған.

"Жылу орталығы жылумен жабдықтау желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарға артық талаптарды енгізіп, тұтынушылардың құқықтарын шектеген. Атап айтқанда, жылу орталығы тұтынушыларға қосымша құрылғылар орнатуды міндеттеген. Бұл құрылғылар желілерге қосуға арналған техникалық шарттардың үлгілік нысанында қарастырылмаған", - дейді ведомство.

Прокуратураның айтуынша, жылу орталығының мамандары қойған заңсыз талап тұтынушылар үшін 10 мыңнан 60 мың теңгеге дейін қосымша шығын әкелуі мүмкін.

Жылу орталығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылып, 5 млн теңге айыппұл өндірілді.

ҚазАқпарат