Мұнайға бай Иран жарыққа жарымай отыр

Мұнайға бай Иран жарыққа жарымай отыр

фото: US Central Command/Reuters

Бұдан былай елде жарық әр екі күн сайын шамамен 2 сағатқа өшіріледі.

Иран президенті Масуд Пезешкиан энергетикалық жағдайдың нашарлағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен Израильдің энергетикалық нысандарға жасаған соққылары жағдайды қиындатқан. Сондықтан қыста энергия тапшылығы күшеюі мүмкін,-деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Tavanir энергетикалық компаниясының хабарлауынша, ұлттық энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарға уақытша шектеулер қойылды. Компанияның бас директоры Мұхаммед Аллахдад электр энергиясын өшіру ұзақтығы отын қоры мен энергия тұтыну деңгейіне байланысты болатынын түсіндірді.

Аллахдад әскери қақтығыс кезінде Иран электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етуге пайдаланылатын дизель отыны қорының бір бөлігінен айырылғанын айтты.

Тұрғындарға шектеулер туралы алдын ала "Барг-е ман" ("Менің электр энергиям") қосымшасы, Bale мессенджері және SMS арқылы хабарланады.

Энергиямен қамтамасыз ету мәселелері қазірдің өзінде сауда мен өнеркәсіп саласын тығырыққа тіреп отыр.

"Соңғы 6 айда электр энергиясын шектеу шамамен 600 000 жұмыс орнының жойылуына әкеп соқты. Егер жағдай жақсармаса, тағы 1 миллионнан астам жұмыс орнына қауіп төнуі мүмкін", – деп мәлімдеді Парламент депутаты Насролла Пежманфар.

Иран мұнай мен газ қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Ондаған жылдық санкциялар мен инфрақұрылымға инвестицияның аздығы энергетика саласын әлсіретті. Елде электр желілерінің тозуы, отын тапшылығы және ауа райының қолайсыздығы да жарықтың жиі өшуіне себеп болып отыр.

Ирандағы энергетикалық дағдарыс Таяу Шығыстағы мұнай-газ нарығына әсер етуі мүмкін. Аймақтағы тұрақсыздық энергия бағасы мен халықаралық тасымал бағыттарына қосымша қысым туғызады.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз