Қыспаққа алған қымбатшылық

Қыспаққа алған қымбатшылық

 

 Елде бір жылдың ішінде күнбағыс майының бағасы 60 пайызға өскен. Energyprom.kz сайтының мәліметінше, маусым айында өңірлердегі дүкендер мен базарларда сұйық майдың орташа бағасы-713 теңге болған. Ең қымбат баға- Түркістан облысында. Мұнда майдың литрі 773 теңгеге дейін көтерілген. Дәл осындай шарықтаған баға Нұр-Сұлтан мен Алматыда да байқалады. Ал, ең арзаны Ақтөбе облысында, күнбағыс майының бір литрі - 621 теңгеден сатылған.

Елімізде ұнның құны да өзге азық-түліктен қалыспай күннен-күнге қымбаттап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда ұн бағасы15 пайызға бір-ақ көтерілген. Бұл өз кезегінде нан өнімдерінің бағасына да тікелей әсер етеді. Мәселен, Алматыда ең арзанының келісі 215 теңгеге жетті. Жоғарғы сұрыпты ұн бағасы тіпті 300 теңгеге дейін барады. Астықтың отаны саналатын солтүстік өңірлердің өзінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 144, жоғарғы сұрыпты 180 теңгеге қымбаттапты.
Жыл басынан бері Қазақстанда 1,1 млн тонна ұн өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш пайыз аз. Отандық ұн өндірушілердің экспорт көлемі де бірден 20 пайызға азайыпты. Қазақстанда диірмендер саны да азайып жатыр. Бәсекелестікке төтеп бере алмай, шағын компаниялар ғана емес, ірі өндіріс ошақтары да жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сарапшылар бағаның өсуіне ұн өндірсінің төмендеуі себеп деп отыр. Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр жиналған астық ішкі сұранысты қамтуға жетеді деп сендірді. Қазақстан қамбаларында 18 млн. тоннадан астам астық қоры бар екенін ескерсек, бұл қымбатшылық қисынға келмейді.