Бурабай аумағындағы «Лапландия резиденциясы» – қысқы демалысты жоспарлап отырғандар үшін таптырмайтын мекен. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ертегілер әлеміне саяхаттап келген еді.
Қазақстандық Лапландия немесе Санта клаустың резиденциясы – қыс қызығына толы демалыс орны.
«Келушілерге Санта резиденциясы бойынша «Әлемнің жеті кереметі» атты экскурсия ұйымдастырылады. Экскурсия барысында тамашалаушыларды эльфтер әлемі мен Санта клаус күтеді. Айтпақшы, Санта клаусқа тілек хатын қалдыруға болады. Резиденция аумағында басқа да қызықтар бар. Мысалы, хаски және бұғыға жегілген шанамен сырғанауға болады. Сонымен қатар, жергілікті шаман бар, ол туристерді өз мекенімен таныстырып, шаман дәстүрі туралы әңгімелеп береді. Одан бөлек, пониға мініп және квадроцикл тебу қарастырылған. Қазақстандық Лапландия жыл сайын қарашаның ортасынан бастап, келер жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді. Әрине, туристер ағыны желтоқсанда көп болады, өйткені Жаңа жыл мерекесі ғой», - деді қазақстандық Лапландия кешенінің экскурсия жетекшісі Оля Усенко БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.
Мұнда маусым кезінде шамамен 5 мың турист демалады.
Отандық туристерден бөлек, шетелдіктер де келеді. Мысалы, Үндістан, Египет, тіпті Лапландияның отаны Финляндиядан арнайы келген туристер болды. Олар қазақстандық Лапландияның қандай айырмашылығы бар екен деп қызықтап келген.
Айта кетсек, аталған демалыс орнында әр қызметті жеке таңдауға болады. Мәселен, Санта резиденциясы адам басына 2500 теңге тұрады (4 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін). Хаски мен бұғы жегілген шанамен серуендеу 2000 теңге, шаманның қызметі 1000 теңге, квадроциклмен серуендеу 1000 теңгеден басталады.
Қазақстандық Лапландия сағат 11:00-ден 19:30-ға дейін жұмыс істейді. Дүйсенбі – демалыс күні.
«Алдын ала немесе онлайн билет алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Тек осы жерден ала аласыз. Қыстан басқа мезгілде резиденция жұмыс істемейді. Келушілер демалыс күндері және мерекелерде жиілейді», - деді экскурсия жетекшісі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через