QR-кодтардың бірыңғай базасы іске қосылады – Ұлттық банк

QR-кодтардың бірыңғай базасы іске қосылады – Ұлттық банк
фото: https://pixabay.com/ru/

Келесі жылдан бастап Қазақстанда барлық банк үшін бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады, деп хабарлады Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бірыңғай QR-код кез келген банктің қосымшасы арқылы сатып алу кезінде төлем жасауға мүмкіндік береді – ол өзара танылады.

"Қазір сіз дүкенге барып, QR-код арқылы төлем жасағыңыз келсе, сізден "Halyk немесе Kaspi банк пе?" деп сұрайды. Себебі, Halyk bank қосымшасында Kaspi терминалы арқылы және керісінше төлем жасау мүмкін емес. Бұл тұтынушыларға да, банктерге де қолайсыз", - деп түсіндірді Сүлейменов.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін бірыңғай деректер базасы пилоттық режимде жұмыс істейді.

"Ал келесі жылдың басынан бастап біз жобаны толыққанды форматта жүзеге асырамыз және оған барлық банк енеді деп ойлаймыз", - деп бөлісті ол.

Ұлттық банк басшысы журналистердің қазақстандықтардың жеке деректерінің сақталуына қатысты алаңдаушылығына да түсініктеме берді.

"Транзакцияны кім орындады, қай уақытта, оның шотында қанша ақша бар, оның аты-жөні кім екені туралы барлық жеке ақпарат қазіргідей банктің өзінде сақталады", - деді Сүлейменов.

Ол сондай-ақ бірыңғай деректер базасы бұрыннан бар QR-төлем әдістерінің жүйесін алмастыра алмайтынын, инфрақұрылым банктерде қалатынын, Ұлттық банк бұл жерде байланыстырушы көпір қызметін атқаратынын айтты.

ҚазАқпарат