фото: bmpz.by
Елімізде шілде айынан «Қалдықтар. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру үшін контейнер орналастыру алаңдарына қойылатын жалпы талаптар» ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл туралы "Standard.kz" порталы Қазақстан стандарттау және метрология институтына сілтеме жасап хабарлайды.
Республикамыздағы 102 стандарттау жөніндегі техникалық комитет ҚазСтандарт мекемесімен бірлесіп қалдықтарды басқару саласын дамыту және қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеу үшін осы стандартты әзірледі. Мамандардың пайымдауынша, бұл экологиялық қауіпсіз инфрақұрылым құру мақсатында жасалған маңызды қадам болмақ.
Жаңа стандарттың негізгі талаптары - елді мекендерде ғимараттардың, көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің жанында контейнер алаңдарын салу (реконструкциялау), сондай-ақ тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалатын орындарынан санитариялық алшақтықты қамтамасыз ету. Бұдан басқа, мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы асфальтталған кіреберіс, құрылыс және ірі габаритті қалдықтар үшін жабыны мен қоршауы бар ауданы 12 шаршы метрден кем емес орындарды құру көзделеді, - деп мәлім етілген ҚазСтандарт хабарламасында.
Жаңа стандартқа сәйкес, құрылған алаңдарда қалдықтардың төмендегідей түрлерін бөлек жинауға арналған контейнерлер орналастырылуға тиіс:
- электронды қалдықтарға арналған контейнер
- құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған контейнер
- қағаз және картон қалдықтарына арналған контейнер
- батарея қалдықтарына арналған контейнер
- тамақ қалдықтарына арналған контейнер
- шыныға арналған контейнер
- пластикалық қалдықтарға арналған контейнер.
Қалдықтарды бөлек жинауға арналған әрбір контейнердің меншік иесі қазақ және орыс тілдерінде, мынадай ақпаратты таңбалауы қажет: жиналатын қалдықтардың түрлері көрсетілген ақпараттық жапсырма/жазба; контейнер меншік иесі туралы деректер (атауы, байланыс деректері); контейнерге қызмет көрсететін ұйым туралы ақпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через