"Қазпошта" тарифті төмендетті

"Қазпошта" тарифті төмендетті

       Төмендетілген тарифтер 2022 жылғы 1-жартыжылдық ішінде қолданылады

       Қазпошта" АҚ халық арасындағы ең көп сұранысқа ие қызметтердің тарифін – салмағы 2 кг-ға дейінгі салымдары бар пошта жөнелтілімдерін жеке тұлғаларға жеткізу қызметін өзіндік құн деңгейіне дейін төмендетті.

       Қазпошта басшылығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл бекітілген тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады.

       Бұдан былай:

  • салмағы 0,5 кг-ға дейінгі сәлемдемені Қазақстан бойынша жер үсті көлігімен жіберу құны – 900 теңгенің орнына 857 теңге,
  • салмағы 1 кг-ға дейін – 1000 теңгенің орнына 900 теңге,
  • 2 кг-ға дейін – 1200 теңгенің орнына 1130 теңге болды.

       Төмендетілген тарифтер 2022 жылғы 1-жартыжылдық ішінде қолданылады.

       Қазпошта өткен жылдың соңында 2022 жылға арналған тарифтерді өсірген болатын. Оған бірқатар факторлар әсер еткен.

       Біріншіден, бүгінгі күні Ұлттық пошта операторы 3000 астам шығынды ауылдық пошта бөлімшелерін ұстау, газеттерді жеткізу, зейнетақыларды беру, пандемия және ковидқа қарсы шаралардың салдарынан теріс қаржы нәтижелерін көрсетіп отыр.

       "Алайда "Қазпошта" зейнетақыларды, жәрдемақыларды, мерзімді баспа басылымдарын жеткізу сияқты әлеуметтік барлық жүктемені орындауды жалғастыруда", -дейді компаниядағылар.

       Екіншіден, теріс қаржы нәтижелері Қазпоштаның 17,8 мың адамнан тұратын өндірістік персоналының жалақысын көтеруге кедергі келтіреді.

       "Бүгінгі күні жалақыларды индекстеу мәселесі өзекті болып тұр. Компания қызметтерінің тарифтерін өзгерту – өндіріс қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған шаралардың бірі", - делінген хабарламада.

        Компания қаңтарда қаржылық қиындықтарға қарамастан қызметкерлердің жалақысы өсетінін атап өтті.

Ақпарат дереккөзі