Қазақстанның бірқатар өңірінде коммуналдық қызметтер тарифі төмендетілді

Қазақстанның бірқатар өңірінде коммуналдық қызметтер тарифі төмендетілді

       Еліміздің 7 өңірінде уақытша өтемдік тарифтер бекітілді.

       Мамыр айының қорытындысы бойынша еліміздің 7 өңірінде тарифтер жалпы сомасы шамамен 4,3 млрд теңгеге төмендеген, деп жазады Azattyq Ruhy. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық бөлімшелері 2021 жылға арналған бекітілген тарифтік сметаны және инвестициялық бағдарламаны есептері орындау тұрғысынан қаралған монополист-субъектілердің есептерін қарап, талдаған соң 30 субъектінің міндеттемені орындамағанын анықтады. Оның ішінде «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ (Нұр-Сұлтан қ.), «Талдықорғантеплосервис» КМК (Алматы облысы) сияқты ірі монополист субъектілер және басқалары бар.

       «Тексеру нәтижесінде еліміздің 7 өңірінде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы облысы, ШҚО, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысында жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және кірме жолдарды ұсыну сияқты қызметтер бойынша жалпы сомасы шамамен 4,3 млрд теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді», - делінген ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарламасында.

       Орташа алғанда қызметтер бөлінісінде тарифтердің төмендеуі мынадай көрсеткішті құрады: - жылумен жабдықтау - 17%; - сумен жабдықтау - 7,4;%; - су бұру - 3%; - электрмен жабдықтау - 18,6%.

       Ernur.kz