Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады.
Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев қазақстандықтардың банкрот болу рәсімінің 3 түрі енгізіліп, қандай жағдайда несиесі кешірілетінін айтты.
«Мемлекет басшысының осы жылдың 5 қаңтарындағы тапсырмасын орындау үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімін адам 12 ай ішінде қарызын өтей алмаса қолдануға құқылы. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы және оның қарызды өтейтін мүлкі болмауы керек. Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 млн теңгеге жуық қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады. Мұны соттан тыс тәртіппен банктер мен микроқаржы ұйымдарда, коллекторлар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар да қолдана алады.
Екіншіден, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі.
Үшіншіден, сот банкроттығы рәсімі 5 млн теңгеден асатын берешек бойынша қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Бірақ, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұған дейін Президенттің тапсырмасымен грант саны ұлғайтылып, жалақы мөлшері өскенін жазған болатынбыз
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через