Қазақстандықтар жеке куәлік суретіне өздері түсіп, ұнағанын таңдай алады

Қазақстандықтар жеке куәлік суретіне өздері түсіп, ұнағанын таңдай алады

Қазақстандықтар терминалдың көмегімен жеке куәлік және төлқұжат фотосына өздері түсіп, ұнаған суретті таңдай алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлімдеді.

 Бүгінде азаматтардың 80 пайызы халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметтің 10 түрі бойынша жиі жүгінеді. Оның бесеуі ішкі істер министрлігі саласына қатысты. Үкіметтің ендігі мақсаты – қызметтерді автоматтандыру, ал онлайн қолжетімді қызмет түрлерін одан әрі жетілдіре түсу. Жыл санап халыққа қызмет көрсету орталығына келетін клиенттердің саны қысқарып жатыр. Халық қызметтің көбісін онлайн алады.

Өткен жылы ХҚО арқылы 2,4 млн қазақстандық жеке куәлік және төлқұжат алған.

«Біздің тарапымызға халықтан жеке құжаттағы фотоның сапасына қатысты шағымдар түсіп жатады. Осы орайда біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп өзіне қызмет көрсету терминалын енгізіп жатырмыз. Министрлік аталған бастаманы қолдады. Терминал биометриялық және интерфейс жүйесімен қамтылған. Клиент суретке өзі түсіп, қалаған фотоны таңдай алады. Одан әрі орталық қызметкеріне өтінішін береді. Қазір осы мәселеге қатысты бірлескен бұйрық шығару қаралып жатыр», - дейді Сүйеніш Әбділдин.

Жаңа қызмет түрі таяуда Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылады.

Фото: www.gov.kz