фото: Фото: ҚР оқу-ағарту министрлігі
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Индонезияның Депок қаласында халықаралық робототехника бойынша чемпионат өтті. Ел намысын қорғауға «Antares», «124», «Заман» және «Shanyraq» командалары аттанды. 9-11 сынып оқушыларынан құрылған бұл командалардың құрамында Алматы қаласының Абай атындағы РММИ мен №124 орта мектебінің, сондай-ақ Семей қаласының Ш.Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары бар.
Қазақстандық оқушылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас робототехниктермен қатар бірнеше күн бойы өздерінің үздік жұмыстарын көрсетті. Нәтижесінде біздің құраманың қоржыны 7 жүлдемен толықты. Алматылық «124» командасы екі қола және алтын медалін ұтса, «Antares» командасы бір қола, күміс, алтын иеленді. Семейлік «Shanyraq» командасына қола бұйырды.
Алматы қаласының №124 орта мектебінен қатысқан «124» командасының жаттықтырушысы Бекзат Амановтың айтуынша, қазақстандық оқушылар жақсы нәтиже көрсетті.
– Біз чемпионатқа робототехникаға жаңадан қосылған командаларымызды халықаралық командалармен тәжірибе алмасу үшін әкелдік. Соның өзінде, біз Индонезия чемпионатына әлемдік кезеңге іріктелген мықты командалар қатысатынын білгенімізде таң қалдық. Бұл командалардың робототехникада 4-5 жылдық тәжірибесі бар әрі биылғы жылы ғана жарысқа қатысқан қазақстандық оқушылар олармен бір деңгейде бақ сынасты. Біздің оқушылар финалдық ойындарға дейін өтіп, төрешілерден жоғары баға алған кезде қатты қуандық, – деді бапкер.
Айта кетейік, Индонезияда өткен чемпионатқа жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың желтоқсан айында Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation Қоғамдық Қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде жеңіп алған болатын.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через