Астанада педагогтер арасында өтетін «Үздік педагог – 2026» республикалық конкурсының қалалық кезеңіне дайындық басталмақ.
Бұл байқау – ұстаздың тек күнделікті қызметін емес, оның білім беру ісіне қосқан еңбегін, шәкірт тәрбиесіндегі нәтижесін және кәсіби ізденісін бағалайтын мүмкіндік. Елордада білім беру саласының түрлі бағытында жұмыс істейтін педагогтер бақ сынай алады. Алайда үміткердің педагогикалық еңбек жолы үздіксіз кемінде бес жыл болуы шарт.
Байқауға өтініш беру үшін 14 қыркүйектен бастап үш күн уақыт беріледі. Қатысушылар қажетті материалдарын арнайы электронды платформа арқылы жолдайды. Бұл жолы байқаудың ерекшелігі – үдерістің түгелге жуық цифрлық жүйеге көшірілуі. Яғни тіркеу мен құжат қабылдаудан бастап, соңғы нәтижені анықтауға дейінгі кезеңдер электронды форматта жүргізіледі.
Үміткерлерді бағалау барысында олардың кәсіби шеберлігімен бірге, білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен педагогикалық қызметінің нәтижелілігі ескеріледі. Осылайша, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жаңа әдістерді меңгеріп, шәкірт жетістігіне үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегіне басымдық беріледі.
Қалалық кезеңнің жұмысы 17 қыркүйекте басталып, 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы аралықта арнайы комиссия қатысушылардың материалдарын қарап, үздіктерді анықтайды. Нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған он педагог қалалық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық додаға қатысуға мүмкіндік алады.
Ұстаздың кәсіби жетістігін елге танытатын мұндай байқаулар білім сапасына деген жауапкершілікті арттыра түсетіні сөзсіз. Елордадан республикалық кезеңге жолдама алуға талпынған педагогтерге сәттілік тілейміз.