Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады

Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады
фото: https://pixabay.com/ru/

        Биылдан бастап Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады. 

        Сала мамандарының айтуынша, контрафактілік цехтарда өзге кәсіпорындардың белгісі бар өнімдер шығарылып жатыр. Соның салдарынан заңды тауар өндірушілер бәсекеге түсе алмай, шығынға батқан. Цифрлық таңбалау әдісі сол көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін қолданылмақ. 

        Қостанайлық кәсіпкер Анастасия 15 жылдан бері зергерлік компанияны басқарып келеді. Оның жетекшілігімен 20 мыңнан астам әшекей бұйым жасалған. Әрқайсына бір айдай уақыт жұмсалады екен. Оның үстіне құжатын рәсімдеу үрдісі тағы бар. Кәсіпкердің айуынша, шетелдік брендтермен бәсекеге түсуге заңсыз цехтар кедергі келтіріп тұр. 

       Отандық зергерлер лигасындағылардың мәліметінше, елімізде бағалы зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы 99 пайызға жеткен. Кәсіпкерлер саладағы кемшілікті тезірек реттеуді және сауда айналымының заңсыз субъектілерін қатаң жазалауды сұрап отыр. 

       Былтыр Қазақстанға шетелден 68 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары жеткізілген. Негізгі импорттаушы елдер - Түркия, Қытай, Ресей. Ал отандық өнім көлемі небәрі 2,3 млрд теңге болған. Елдегі он мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісінің тек 200 шақтысы тауарөндіруші. Негізгі өндіріс ошақтары Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында орналасқан. 

Зергерлік бұйымдар саудасы

 Импорт - ₸ 68 млрд 

Отандық өнім - ₸ 2,3 млрд 200 

отандық тауар өндіруші 

Өндіріс ошақтары - Алматы, Қарағанды, Шымкент 

       1 шілдеден бастап бағалы зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау міндеттеледі. Ал талапты орындамағандар жауапқа тартылады.

       Техникалық реттеу және метрология комитеті өкілдерінің айтуынша, цифрлық таңбалау әдісі нарықты жалған тауарлардан тазалап, тұтынушыларды сапалы өніммен және өндіруші туралы толық мәліметпен қамтамасыз етеді.

       Ақпарат дереккөзі:  www.24.kz