Қазақстанда тыйым салынған жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері артады

Қазақстанда тыйым салынған жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері артады
фото: pexels.com

       21 желтоқсанда үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі елімізде қоқыс тыйым салынған жерге тасталғаны үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып жатқанын айтты. 

       Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Қазақстанда қоқыс тыйым салынған жерге тасталғаны үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып жатыр. 

       "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тыйым салынған жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін жоғарылатуды көздейтін түзетулер әзірленді, мысалы, жеке тұлғаға құқық бұзушылық жасалған жағдайда – 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін (172,5 мыңнан 345 мың теңгеге дейін – ред.) айыппұл салынады, ал шағын кәсіпкерлік субъекттер, я болмаса коммерциялық емес ұйымдар құқық бұзушылық жасаса, оларға – 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін (345 мыңнан 695 мың теңгеге дейін – ред.) айыппұл салынады", – деді ол. 

       Нысанбаевтың айтуынша, ӘҚБтК түзетулер "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында қарастырылған.

       Министрдің сөзіне сенсек, аталған құжат қоғамдық тыңдаудан өткен әрі кәсіпкерлік субъекттерге қатаң талаптар енгізіліп жатқандықтан талдау жүргізілуде. 

       Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылының тұрғындары қоқыс салынған қаптарды жергілікті әкімдік ғимаратының алдына төккенін жазған едік. Осылайша тұрғындар қоқыс мәселесіне әкімдіктің назарын аударуға тырысқан. 

       Сондай-ақ биыл маусымның соңында ақылы қызмет көрсету саласы бір жыл ішінде 13,3 пайызға қымбаттағанын, соның ішінде қоқыс шығару тарифтері де көтерілгенін айта кетейік. Осылайша Қазақстанда орташа есеппен бір адамға арналған айлық тариф мөлшері – 403 теңге. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 285 теңгеге тең еді. 

       Nur.kz