Қазақстанда қанша адам 100 мың теңгеге жетпейтін көлемде жалақы алады?

Қазақстанда қанша адам 100 мың теңгеге жетпейтін көлемде жалақы алады?

Қазақтандықтардың табысы төмендеп, жағдайы нашарлап барады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мәди Тәкиев мәлімдеді.

Мәжілісте AMANAT фракциясының депутаттары «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасының» кешенді жоспарын талқылап жатыр.
Мәди Тәкиев аталған бағдарламаны іске асыру халық үшін маңызды екенін айтты.

 

«Бағдарлама халық табысының төмендігіне, теңсіздіктер мен жұмыссыздық бойынша негізгі проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл мәселелер шешімін таппаса, бағдарламаның ешбір пайдасы болмайды», – деді депутат.

Сондай-ақ ол бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталды.

«Кейінгі 5 жылда халықтың нақты ақшалай табысының үлесі төмендегені байқалады. 2018-2022 жылдары аралығында 5%-дан пайыздан 2,8%-ға төмендеп кетті. Әрине, оған инфляция айтарлықтай әсер етті. Былтыр ол 20 жылдық рекордқа жетті», – деді Мәди Тәкиев.

Оның айтуынша, халықтың орташа жалақысы мен идеалды жалақысы арасында алшақтық бар.

«Айырмашылық деңгейі 50%-ға жетті. Бұл қазақстандықтардың жағдайы қиын екенін көрсетеді. Қазір халықтың жартысы жетіспеушілік деңгейінде өмір сүріп жатыр. Тұрақты жұмыс істейтін қазақстандықтарға келсек, қазір олардың саны 2 миллионнан асады. Оның 64%-ы немесе 1/3 жұмыс істейтін кедейлерге жатады, яғни олар 100 мыңға дейін жалақы алады. Негізінен 61%-ы ауыл шаруашылығында істейді. Олардың барлығын кедей деп айтуға болмайды. Бірақ бұл мәселені шешу керек», – деп сөзін түйіндеді Тәкиев.

Қазақстанның 20 өңірінің 6-да халықтың шығыны табысынан асып тұр. Табысы шығынынан 14,8% аз Алматы облысы аутсайдер. Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш мынадай: Жетісу облысында табыс шығыннан – 14,5%, Шымкентте – 8,6%, Алматыда – 8,2%, Түркістан облысында – 8%, Жамбылда – 5,2% аз.  

Kursiv.kz