Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі пайда болады

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі пайда болады
фото: sputnik.kz

Қазақстандық өндіруші мәртебесін растайтын индустриалдық сертификат пен CT-KZ сертификатының орнына Қазақстанда отандық өнім өндірушілердің бірыңғай тізілімі пайда болады. Бұл туралы Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

"Біз "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп отандық өнім өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру туралы шешім қабылдадық. Ешқандай сертификат алудың қажеті жоқ. Бұл тізілімде өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпарат онлайн түрде болады", - деді премьер-министр Астанада өтіп жатқан "Қазақстандық үлес 2.0" халықаралық форумында сөйлеген сөзінде.

Ол ақпараттың онлайн режимінде қолжетімді болатынын айтты. Кез келген қызығушылық танытқан пайдаланушы өзіне ыңғайлы уақытта жүйеге кіріп, тізілімді көре алады.

Сондай-ақ Смайылов қазақстандық бизнес бұған дейін де бірқатар ұсыныстар айтқанын, олардың көпшілігі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, бұл отандық өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылармен және басқа да ірі компаниялармен жасасқан оффтейк-келісімшарттарын несиелер мен инвестицияларды тарту кепілі ретінде тануға қатысты.

"Біз бұл мәселені қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен пысықтадық. Тиісті нормативтік шешім қабылданып, квазимемлекеттік компаниялармен, халықаралық BB-рейтингтері бар компаниялармен және жүйе түзуші ірі кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарттар кредит бойынша сенімді кепіл деп қарастырылды. Бұл істің қалай жүретінін көрейік. Кепілдің мұндай түрін қолдану аясын одан әрі кеңейтеміз", - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, стандартталмаған тауарларды биржалардағы саудадан толығымен алып тастау туралы да шешім қабылданған. Бұл шешімнің қашан және қалай күшіне енетіні туралы ақпарат кейінірек БАҚ-та жарияланады.

ҚазАқпарат