Қазақстанда балалардың қанша пайызы жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді?

Қазақстанда балалардың қанша пайызы жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді?
фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Желіде жиі отыратын балалардың 11 пайызы күйзеліске ұшырайды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізілген «Kazakhstan Kids Online» ауқымды зерттеуі негізінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеулі сын-қатерлер анықталды. Зерттеудің негізгі қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталған.

Интернет бала өмірінің маңызды бір бөлігіне айналуда. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие.

Ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7%-ы қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ал ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады.

Осы тұста Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға «Ата-ана бақылауы» қосымшасын ұсынады. Бұл онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Қолданбаны Play MARKET және APP STORE платформаларынан жүктеуге болады.

 – Ата-ана бақылауы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық диалог жүргізу және олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ − мамандары мен БАҚ өкілдерінің интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, – деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Комитет ата-аналардың ата-аналар бақылауы қосымшаларын пайдаланудың маңыздылығы туралы хабардар болуын арттыруға және оларды онлайн-кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді әдістеріне үйретуге бағытталған кең ауқымды науқан өткізуді мақсат етеді.

https://pavlodarnews.kz