фото: www.instagram.com
Еліміздегі бірқатар балабақшаларда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» деп аталатын жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама бүлдіршіндерді еңбекқорлыққа тәрбиелеп, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және қарапайым өмірлік дағдыларды ерте жастан меңгертуге бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, жоба еліміздің әр өңіріндегі 100 мектепке дейінгі ұйымды қамтып отыр. Оның ішінде 62 мемлекеттік, 38 жекеменшік балабақша бар. Пилоттық жобаға 8456 бала, 652 тәрбиеші және 134 әдіскер қатысуда.
Жоба аясында балалар қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасап үйренеді. Мәселен, моншақ, мата, жүн, фольга секілді материалдардан бұйымдар дайындап, сазбалшық, ағаш және ермексаздан шағын мүсіндер жасайды. Сонымен қатар бүлдіршіндер жеміс-жидек пен көкөністерден қарапайым тағамдар әзірлеуді де үйренеді.
Аталған жобаны Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаменті, «Балаларды ерте дамыту институты», сондай-ақ өңірлік білім басқармалары бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба биылғы желтоқсан айына дейін жалғасады. Нәтижесіне қарай болашақта оны еліміздегі барлық балабақша бағдарламасына енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через