Қазақстан жерінің 70 пайызына құрғақшылық қаупі төніп тұр

Қазақстан жерінің 70 пайызына құрғақшылық қаупі төніп тұр
фото: oir.mobi

Ел халқының 25 пайызға жуығы қазірдің өзінде қуаңшылық белгілері бар аймақтарда тұрады.

Астанада өткен "Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету - ауыл тұрғындарының табысын арттыру негізі" атты республикалық кеңесте депутаттар мен су мамандары осы мәселені талқылады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Су бар жерде тіршілік көзі бар. Тірлік бар. Ал тірлік бар жерде табыс көзі де болары сөзсіз. Отандық ауыл шаруашылығына керегі осы. Бүгін өткен республикалық кеңес отырысында депутаттар мен облыстық әкімдіктердің өкілдері осыны айтты. Ең бастысы Қазақстан трансшекаралық суларға деген тәуелділіктен арылуы керек. Ал ол үшін жерасты суларын пайдалану қажет. Қазір заманауи суғару жүйелерін қазақстандық фермерлердің тек 30 пайызы пайдаланып отыр. Осындай шаруа қожалықтарының қатарын көбейтсек, су тапшылығы мәселесін жылдам шешуге болар еді. Суды үнемдеу технологиясы көп. «Жаңбырлатып, тамшылатып суару тәсілдері бар және спринклер құрылғысын қолдануға болады», дейді мамандар.

Мұрат Қатыбаев, ирригация жөніндегі маман:

- Оңтүстік өңірінде жерасты суын қолдану керек. Өйткені онда жер астында Каспий теңізіндей су қоры бар. Содан қойма жасап, соған сақтап, сонымен суарсақ, тәуелсіз боламыз.

Жалпы стратегиялық жоспар бойынша 2030 жылға дейін Қазақстан аумағында 40-қа жуық су қоймасын салу көзделген. Қазір су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Су ресурстары және ирригациялық министрлік құру шешімі өте дұрыс болды, дейді депутаттар.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең басты ресурс бұл су. Мұнай да емес, газ да емес, тіпті көмір де емес. Сусыз өмір жоқ. Елестетіп көріңізші, Қазақстан аумағының жартысынан астам бөлігі қуаңшылыққа тап болуы мүмкін. Гидромелиорациялық жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуі, білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы осындай кезде байқалады.

БҰҰ дерегі бойынша, кейінгі 50 жылда Орталық Азияны сумен қамтамасыз ету 3,5 пайызға азайған. Егер Қазақстанда нақты шаралар қабылданбаса, 2050 жылға қарай елдегі су мөлшері тағы 3 есе төмендеуі мүмкін. Мұның салдары құрғақшылық, орман өрті, өзендердің таяздануы сияқты табиғи апаттарға алып келуі әбден мүмкін.

Ақпарат дереккөзі:24.kz