Қазақстан қалалары жаңажылдық безендіруге қанша қаржы жұмсады

Қазақстан қалалары жаңажылдық безендіруге қанша қаржы жұмсады

Санаулы күндері күнтізбеге жаңа 2023 жыл енеді. Ел астанасынан бастап, барлық қала көшелерді мерекелік безендіруді аяқтады. Оған Алматы сынды ірі мегаполистер 300 млн теңгеден астам қаржы жұмсаса, кей өңірлер былтырғы безендіруді қайта қолданып, демеушілерді көмекке тартқан.

Осы орайда ҚазАқпарат агенттігі республика қалаларының жаңажылдық безендіру мен басты шыршаға қанша қаражат бөлгенін сұрастырды және арнайы шолу әзірледі.

Еліміздің бас қаласы – Астана бойынша жаңажылдық безендіруге, оның ішінде мұз айдындарын, сырғанау төбешіктерін абаттандыруға, шағын архитектуралық формалар мен гирляндаларды, жылыту пункттерін орнатуға және басқа да шараларға 293 млн теңге бөлінген.

Астананы жаңажылдық безендіру аудан әкімдіктерінің бюджеті есебінен де, демеушілік қаражат есебінен де жүргізіледі. Қала аудандарының әкімдіктері жасайтын барлық сырғанақ пен мұз айдындары барлық келуші үшін тегін болады.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы әкімідігінің мәліметінше, биыл қаланы жаңажылдық безендіруге бюджеттен 360 млн тенге бөлінді.

Қала тұрғындары жаңа жыл қарсаңында безендірілген Алматы көшелерін аралай жүріп, ертегі әлеміне енгендей күй кешері сөзсіз.

Қаланың бас шыршасы «Абай» алаңында орнатылды. Бас шырша жарықдиодты гирляндалармен және 350 жаңажылдық ойыншықпен безендірілген.

Сонымен қатар, инсталляциялар Алматының 8 ауданында – орталық көшелерде, аудан әкімдіктерінің маңында, жаяу жүргіншілер аймақтарында бар. Жаңа жылдың басты символының биіктігі –22 метр.

Шымкент қаласында 4 ауданға жаңа жылды атап өтуге қаржы бөлек-бөлек қаралған. Кей ақпарат көздерінің жазуынша, жалпы көлемі 40 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.

Сондай-ақ, Қаңтар құрбандары туыстарының өтінішімен Шымкенттің бас шыршасы әкімшілік іскерлік орталықтан Наурыз алаңына көшірілді.

«Қаратау ауданында жаңа жыл мерекесін атап өтуге 17 млн теңге қаралды. Мұның ішінде шырша қою, көшелерді безендіру, кранштейн орнату секілді өзге де жұмыстар кіреді. Былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде шыршамыз жанып кетті. Сондықтан биыл жаңасын алып отырмыз. Қаратау ауданында орнатылатын шыршаның биіктігі 20 метрге жуық болады. Қазір шыршаны орнату жұмыстары жүріп жатыр» - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.

«Қиял әлемі» саябағының алдында әл-Фараби ауданына қарасты жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды. Оның аумағына 30-ға жуық жаңажылдық шағын сәулет мүсіндері орнатылды.

Биыл қайта құрылған Абай облысының орталығы Семейде жаңа жыл мересі үшін бюджеттен 18,5 млн қаржы бөлінді. Бұл қаражат қаланың барлық безендіруі, өтетін мерекелік концерттер, балаларға берілетін сыйлықтар, әкім шыршасына, мұз қалашығын безендіруге және Семей қаласы әкімдігіне қарайтын ауылдар мен кенттерде өтетін шараларға жұмсалмақ.

Ал Өскемен қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 2022 жылы шыршаны безендіруге бюджет есебінен қаражат қарастырылмаған. Облыс орталығында орнатылатын бас шырша 2018 жылы сатып алынған. Биыл да осы шыршаны алаңға орнатып, алдыңғы жылдары сатып алынған ойыншықтармен безендірілетін болады.

Қарағанды қаласында да жаңа жылға арнайы қаражат бөлінбеген. Қала әкімдігінің айтуынша, тұтас бір жылдағы барлық мерекенің безендірілуі мен күтіп-баптауына ортақ келісімшарт жасалады және қаржы бөлінеді. Мерекеде былтырғы және алдыңғы жылдан қалған әшекейлер де қолданылады, қажет ойыншықтар қосымша сатып алынады. Сонымен бірге, қаланың бас шыршасы да биыл жаңартылмаған.

Қызылорда қаласында да жаңажылдық шыршаны безендіруге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Барлық шаралар демеушілер есебінен жасалған.

Түркістан қаласында да жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы қаралмайды. Қаладағы екі шыршаның бірі жаңа қала аумағындағы алаңға, ал екіншісі – «Жеңіс» саябағына қойылады. Шыршаның айналасы мен қала көшелері жаңа жылдық жарықшамдармен безендіріледі.

«Былтырғы шыршаларды қолданамыз. Сондай-ақ, өткен жылы қаланы безендірген мақталар мен әшекейлер, ойыншықтар, жаңа жыл кейіпкерлері орнатылады. Жаңадан кіріп келе жатқан қоян жылына орай жаңа персонаждар болады. Бірақ олар көп қаржыны талап етпейді» - дейді Түркістан қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрамбек Момбеков.

Жаңа жылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлмеген тағы бір қала – Ақтау.

«Өйткені, былтыр қолданылған шырша, гирляндалар мен шағын архитектуралық формалар жарамды. Шырша дәстүрлі түрде екі жерде орнатылады. Сонымен қатар 11,12, 14 шағын аудандардың қиылысындағы жолдар гирляндалармен безендірілетін болады», - деп жауап берді әкімдік.

Петропавлда да жаңажылдық безендіруге қазынадан қаражат қарастырылмаған. Орталық алаңда шыршаны орнатып, безендіру, қаланы мерекеге сай әсемдеу демеушілердің қаржысына жүзеге асырылмақ. Дегенмен мұз алаңдарын, сырғанақтар мен қаланы қысқы безендіруге биыл 75 млн теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа облыс орталығының 5 шағын ауданында мұз қалашығы пайда болмақ.

«Петропавлда тұрғындар мен қала қонақтарының жазғы уақытта бос уақыттарын көңілді өткізу үшін бар жағдай жасалған. «Жеңіс» және мәдениет-демалыс саябағында аттракциондар жұмыс істейді, ойын алаңдары ашылған. Ал қыста олар жабық, сондықтан халықтың таза ауада уақыт өткізетін орындары шектеулі. Осыған орай жыл сайын ересектер мен балалардың қысқы мезгілді көңілді өткізуі үшін мұз алаңдары салынады. Ол жерде түрлі сырғанақтар, мұз пішіндері, лабиринттер болады. Бөлінген қаражат мұз қалашықтарын салуға, оны күтіп-ұстауға, жарықпен безендіруге, алаңды мұзбен қоршауға және «Динамо» стадионында мұзайдынды құйып, күтіп ұстауға жұмсалады», - дейді қалалық бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Ақтөбе қаласында да жаңа жылға арнайы қаражат бөлінбей, қоймадағы үш шырша мен безердіру құралдары қолданылған. Шыршалар қалалық әкімдік алдында, Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта және Абай даңғылында орнатылған.

Атырауда көшелерді жаңажылдық безендіруге 31,3 млн теңге жұмсалады. Оның ішінде «Исатай-Махамбет» орталық алаңында жаңадан сатып алынған биіктігі 12 метрлік шырша безендіріледі. Бұған қоса «Нұрсая», «Вокзал маңы» шағынаудандары мен Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы алдындағы алаңға биіктігі 9 метрді құрайтын шыршалар орнатылады.

Ал, қаланы жаңажылдық безендіруге бұрын қолданыста болған сәулет нысандары, жазулар секілді әшекейлер пайдаланылады. Қаланың әр бөлігіне екі метрлік 5 шырша орнату көзделген.

Мұнайлы шаһар бюджетінен жаңажылдық безендіруге 2019 жылы 43,7 млн теңге бөлінген. Ал, 2020 және 2021 жылы бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған.

Орал қаласының әкімдігі қала орындарын жаңажылдық мерекелік безендіруді, оның ішінде мерекелік шыршаларды монтаждауды жоспарлап отыр. 2022 жылға арналған іс-шараларды қаржыландыру шеңберінде мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс жариялау негізінде жаңажылдық мерекелік безендіру жұмыстарына 16,9 млн теңге арналған. Оның ішінде 9 млн жаңа бас шыршаға жұмсалды, өйткені шырша соңғы 4-5 жылда жаңартылмаған.

Қаладағы Тұңғыш Президент алаңында басты шырша орнатылады, Абай алаңында жарықдиодты жарықтандыру, электр гирляндалары және жаңажылдық тақырыпқа арналған басқа да атрибуттарды көздейтін мерекелік безендіру болады. Абай алаңындағы аркалар, шағын архитектуралық формалар жаңажылдық нысандарға ауыстырылады. Соңғы 3 жылда қаланы безендіру үшін жаңа жылдық атрибутика жаңартылмағандықтан, жарықдиодты элементтер, электр гирляндаларын толығымен ауыстыру қажет.

Тарихқа бай Таразды жаңажылдық безендіруге 19 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, биыл қалаға екі мерекелік шырша орнатылады.

«Шыршалардың бірі ҚР Тұңғыш Президенті саябағының аумағына, екіншісі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығына қойылады. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда жаңа жылдық безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттарға қала бюджетінен 19 млн 150 мың теңге қарастырылған», - деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Дәулет Төленді.

Дәстүр бойынша Жамбыл облысының бас шыршасы қаланың орталық алаңында орнатылса, 2019 жылдан бері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталық алаңына да жаңа жылдық шырша қойылып келеді.

«2021 жыл қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының алаңындағы бас шырша өртенгеннен кейін, биыл облыс орталығын мерекелік безендіру кезінде өткен жылдан қалған декор элементтерін және жиналмалы шырша құрылымын пайдалану туралы шешім қабылданды. Бұл өте тиімді шешім», - деді спикер.

Ведомство демеушілік қаражат есебінен ерекше қажеттілігі бар тараздық 2 225 балаға арнайы мерекелік сыйлық берілетінін, қаржыландыру көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрайтынын атап өтті.

Биыл Жетісу облысының орталығы атанған Талдықорған әкімдігі қаланы жаңа жылға безендіруге 36,5 млн теңге жұмсамақ. Қалаға алынатын бір шыршаның құны шамамен 3 млн 224 мың теңге.

«Жалпы қалаға үш шырша орнатылады. Ол үшеуіне 9 871 000 теңге бөлінді. Қажетті шыршалар сатып алынып, қойылып жатыр. Ал шыршадан бөлек қаланы безендіруге 26 млн 683 мың теңге қарастырылған», - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хатшысы Мәди Шакенов ҚазАқпарат тілшісіне.

Ведомство өкілінің айтуынша, Талдықорғанның 10 жері жаңа жылға орай безендіріледі. Ол жерлерге - орталық алаң, Қараталдың жағалауы, Бикен Римова атындағы театрдың алды, орталық жүзу бассейннің алаңы, екінші шағын ауданда орналасқан айналым, орталық арбат, жастар саябағы, Қаратал ықшам шағын ауданындағы сырғанақ алаңы кіреді.

Көкшетау қаласында Жаңа жылды мерекелеуге барлығы 44 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға Жаңа жылдық шырша орнатылып, мұз қалашықтары салынады, сондай-ақ, қаланың басты көшелері түрлі түсті жарық-шамдарымен безендіріледі. 

Қостанай қаласының әкімдігі жаңа жыл мерекесінде шырша орнатып, мұз қалашығын салуға 44,1 млн теңге бөлген.

«Павлодар қаласын жарықпен безендіру» шарасына 82 млн 790 мың теңге қаражат бөлінді. Жалпы қаражаттың ішінде қаланың жаңажылдық безендірілуіне - 24 млн теңге. Мұнда жаңажылдық жарықтандырудың 575 элементін монтаждау қарастырылған: қала көшелеріндегі жарық-динамикалық композициялар, субұрқақтарды безендіру, қаланың алаңдары мен саябақтарындағы жарық элементтері, жағалау және т. б. Сонымен қатар, 3 жаңажылдық шыршаны орнатуға биыл 12 млн 271 мың теңге бөлінді. Жаңажылдық дизайнның барлық элементтері өткен жылғы мерекелеуден қалған.