Қазақстан Президенті Қ,Тоқаев шекарадағы бірнеше елді мекенді қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Қ,Тоқаев шекарадағы бірнеше елді мекенді қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойды
фото: adyrna.kz

Жыл соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстанның шығысында Қытай және Ресеймен шектесетін бірнеше елді мекенді қалпына келтіру туралы жарлыққа қол қойды.

Оған сәйкес, Шығыс Қазақстан және Абай облысында төрт аудан құрылады:

  • ШҚО-да Үлкен Нарын (әкімшілік орталығы Үлкен Нарын) және Марқакөл (әкімшілік орталығы Марқакөл) аудандары құрылады;
  • Абай облысында Мақаншы (әкімшілік орталығы Мақаншы) және Жаңа Семей ауданы (Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттері кіреді) қалпына келтіріледі;

Жарлық 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Биыл 17 маусымда Тоқаев Түркістандағы ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Қазақстанның шығысында үш ауданды қалпына келтіру жоспарын айтқан.

Тоқаев сол кезде Қазақстан жері "шетелдіктерге сатылып жатыр" деген ақпаратты "жалған" деп атады.

"Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз" деді Тоқаев. Ол "шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе" деген.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Марқакөл, Мақаншы және Жаңасемей аудандары бұрын болған және 1990-жылдары түпкілікті түрде таратылған. Сол кезде Марқакөл ауданы Қытаймен шектесіп жатқан ШҚО-дағы – Күршім ауданына, Мақаншы – қазір Абай облысы құрамындағы Үржар ауданына қосылған. Жаңасемей ауданы Семей, Бесқарағай, Бородулиха ауданына кірген. Абай облысы құрамындағы бұл елді мекендер Ресеймен шектесіп жатыр.

Жер мәселесі Қазақстанда өте нәзік мәселелердің бірі. 2016 жылы шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге мүмкіндік беретін түзетулер Жер кодексіне енгізу ұсынылғаннан кейін Жер митингілері болған.

www.azattyq.org