Фото: shutterstock.com
Жыл басталғалы Қазақстан экономикасы 5%-ға өсті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, нақты сектордағы өсу 4,8%-ды, қызмет көрсету саласындағы өсу 4,9%-ды құрады.
«Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады», – деді Әлібек Қуантыров.
Инвестициялар ағыны көлік және қоймалау – 39,3%-ға, ауыл шаруашылығы – 26,5%-ға, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар – 10%-ға, өнеркәсіп – 18,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі – 17,3%-ға және өңдеу өнеркәсібі – 7%-ға өсті.
«Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды», – деді Қуантыров.
Айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы 13,4%-ке өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Министр мұның алдын ала қорытынды екеніне назар аударды.
«Экспорт 18,7 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 8,1%-ға ұлғайып, 5,9 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 14 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 4,8 млрд долларға тең», – деді министр.
Айтуынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,4%-ға ұлғайды. Барлық өңірде оң өсу тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Абай, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында байқалды.
«Қаңтар-сәуірде 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,9%-ке жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы облысында байқалды», – деді Ұлттық экономика министрі.
Қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құраған. Ал, 2022 жылы қалыптасқан сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, экономикамының нақты өсуі 3,2% болған.
Kursiv.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через