Қазақстан барысы: 25 млн теңге бас жүлде кімге бұйырды

Қазақстан барысы: 25 млн теңге бас жүлде кімге бұйырды
фото: qarmaqshy-tany.kz

Ғалымжан Қырықбай Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен «Қазақстан барысы-2023» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды.

Астана күніне орай өткен «Қазақстан барысы-2023» турнирінің ақтық белдесуінде Маңғыстау барысы Нұрдәулет Жарылғапов пен «Әскер барысы» Ғалымжан Қырықбай жолыққан.

Аңдысумен өткен негізгі уақыт тең аяқталып, белдесу кезеңінде Ғалымжан Қырықбайдың бағы басым болды.

Ал Нұрдәулет Жарылғапов турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.

Бұған дейін турнирдің қола жүлдесі Павлодар облысының барысы Мұхтар Дәлелханұлының қанжығасында кеткен болатын.

Еске салайық, биыл «Қазақстан барысы» жылдағыға қарағанда өзгеше өтіп жатыр.

Жаңа облыстардың ашылуына байланысты жарысқа қатысушылардың саны артқан. Нақтырақ айтсақ, 41 палуан бақ сынап жатыр.

Оның ішінде 33 палуан облыстардан, 2 спортшы «Әскер барысынан» және 3 қаладан тағы 6 спортшы қатысуға мүмкіндік алған.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирдің жалпы жүлде қоры – 40 млн теңге, оның ішінде жарыс жеңімпазына 25 млн теңге сыйақы беріледі.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото qarmaqshy-tany.kz.