Қазақстан балалары енді лицей мен гимназияға бірінші сыныпқа түсу үшін емтихан тапсырмайды

Қазақстан балалары енді лицей мен гимназияға бірінші сыныпқа түсу үшін емтихан тапсырмайды
фото: https://www.pexels.com/

       Президент қол қойған балалардың білімі мен қауіпсіздігі туралы заңда лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді. Оның маңызы туралы оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев түсіндірді. 

       "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңы қабылданды. Балалардың білімі мен қауіпсіздігі туралы заңда лицейлер мен гимназияларға бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тыйым салатын ереже енгізілді", – деді комитет төрағасы Қаныбек Жұмашев.

       Ол бұл шешім қандай шарттарды негізге алатынын түсіндірді. 

       “Біріншіден, бұл норма дайындық деңгейіне қарамастан, барлық типтегі және барлық балаға мектепке қабылдау кезінде шектеулерді алып тастайды. Бастапқы білімді игеруге таным қабілеттері мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға тең мүмкіндіктерге қолжетімдікті қамтамасыз етеді.

       Екіншіден, тестілеуге, әңгімелесуге қатысудан психологиялық күйзеліс, конкурстық іріктеуді күтуден жағымсыз тәжірибе жиналмайды. Бұл жағдай баланың психо-эмоциялық жағдайын нашарлатуы және оның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.

       Үшіншіден, конкурстық іріктеу нәтижелерін күткен ата-ананың наразылығы азаяды. Балаларды мектепке қабылдау рәсімінің қоғамдық резонансы болмайды”, – деп түсіндірді ведомство өкілі. 

       Өзгерістер алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа қабылдаған кезде енгізіледі. 

       Еске сала кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанға Илон Масктың Starlink жабдығының алғашқы партиясы жеткізілгенін айтқан еді.

       Stan.kz