Чинджу қаласында (Оңтүстік Корея) ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл құрлықтық біріншілікке Қазақстан атынан 20 спортшы қатысты, деп хабарлайды Ауыр атлетика федерациясы.
Қазақстан құрамасының қоржынындағы «алтынды» құрама көшбасшыларының бірі Әділетұлы Нұрғиса алып келді.
102 келіге дейінгі салмақта біздің спортшымыз 400 (181+219) келіні бағындырып, жұлқи көтеруде күміс, серпе көтеруде және жалпы жаттығуларда алтын жеңіп алды.
109 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екі қазақстандық ауыр зілтемірші бірден жеңіс тұғырына көтерілді.
Артем Антропов алтыдан бес тәсілді орындап, қоссайыс бойынша жалпы есепте екінші болды. Оның нәтижесі – 399 (172+227) келі.
Үздік үштікті 390 (169+221) келі көрсеткішпен Андас Самарқанов түйіндеді
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Арли Чонтей жұлқи көтеруде «алтын» жүлдені жеңіп алды және қоссайыста үшінші орынға иеленді (117+141).
Ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік үштікті Қостанай ауыр атлетика мектебінің оқушысы Алексей Чуркин түйіндеді.
340 (154+186) келі – оның нәтижесі, сондай-ақ жұлқи көтеруде күміс медаль.
Сейітқазы Еламан 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші жаттығуда қарсыластарын сенімді түрде басып озды.
Жұлқи көтеруде біздің спортшымыз 155 келіні көтеріп, бұл жаттығуда алтынға қол жеткізді.
2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичева 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұлқи көтеруде күміс жүлдені жеңіп алды (91+101).
Ал Аиша Омарова (87 келі) серпе көтеруде қола жүлдегер атанды.
Екі жаттығудың қосындысы бойынша Арай Нұрлыбекова (76 келі), Аиша Омарова (87 келі), Любовь Ковальчук (87+ келі), Сергей Петрович (89 келі) үздік үштіктен бір қадам қалып тоқтады.
Осылайша, біздің құрама төрт алтын, бес күміс және бес қола медаль жеңіп алды.
Командалық есепте Қазақстан Республикасының ерлер және әйелдер құрамасы төртінші, ал медальдық есепте ерлер құрамасы Қытай құрамасынан ғана ұтылып, екінші орында тұрақтады, әйелдер құрамасы 11-орында болды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через