Қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ

Қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ
фото: https://yujanka.kz/

       Дін өкілі ауызашардың гала-концертке айналып бара жатқанын сынға алды.

       Астанадағы "Ырыскелді қажы" атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында ораза айындағы дарақылықтар туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ауызашар беру үшін қарыз алып, шығындалудың қажеті жоқ. 

       "Соңғы уақытта  Ауызашар бір-біріне еліктеушілік немесе қинау, зорлыққа ұласып кетіп жатыр. Мынау аста-төк дастарқан жайды деп қарызға батып ауызашар берудің қажеті жоқ. Оразаның басты мақсаты ағайындарды біріктіру, ұзағандарды жақындастыру, ренжіскендерді райынан қайтару, алдынан өту сынды ғибратты іс-әрекеттерді қамтыған дұрыс. Біздің ауызашарларымыз кейінгі жылдары шоу, гала-концертке дейін айналып бара жатқан жағдайларды байқап жүрміз. Бұл кезде жылына бір келетін Рамазан айын пайдалы өткізуге көңіл бөлу керек", – деді Нұрлан Байжігітұлы.

       Имамның айтуынша, ауызашар берудегі ең ескеретін тұс – дастарқанда бақталастық болмау керек. Ол қоғамда адамдардың "бәленшенің дастарқаны керемет болды", ал екінші бір адам жағдайы жеткенше жасаса "дастарқаны қарапайым болды" деп әңгімелеп жататынын сынға алды. 

       "Бұл дұрыс әрекет емес. Адам Құдайға дастарқанымен жақындамайды. Пейілімен жақындайды. Сондықтан кім қандай ниетпен ауызашар берсе, сауапта соған қарай беріледі. Асылында бұл аса мән беретін мәселе. Ауызашарда бірінші су, сұйық тағамдар көбірек берілу керек. Бізде бірден алдыңа ет қояды. Мұндайда күні бойы аузы берік адамның шөлі басылмай қалады. Мүфтият, басқа да діни орындар бекіткен дастарқан мәзірі жоқ. Халқымыз құрмет білдіру үшін мол дастарқан жаяды. Алайда бақталастыққа өтіп кетпеуді қадағалау шарт", – деді Нұрлан Байжігітұлы.

       https://informburo.kz/kaz/