фото: Хабар 24
Парижге 38 мемлекеттің президенті мен үкімет басшысы келді. Халықаралық ұйымдардың өкілдері де жетерлік.
Қатысушылар қатарында Германия канцлері, Бразилия президенті, Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы, БҰҰ-ның бас хатшысы секілді мәртебелі меймандар бар. Шара климаттың өзгеруі және кедейшілікпен күрес мәселелеріне арналған. Мұндағы мақсат - жаһандық жылынудан зардап шегіп отырған мемлекеттерге көмек көрсету жағын талқылау деді саммитте бірінші болып сөз сөйлеген Эммануэль Макрон.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Өзгеріп жатқан климат қауіпті күшейтті. Мемлекеттер арасындағы теңсіздік ұлғайды. Пандемия бұл мәселелерді тіпті шиеленістіріп жіберді. Ондаған жыл бойы тиімді жұмыс істеп келе жатқан әлемдік қаржы жүйесі жаңа сын-қатерлерге дайын болмай шықты. Сондықтан біз өзгерістерге бейімдеуіміз керек.
БҰҰ басшысы да жаһандық қаржы жүйесіне қатысты сын айтты. Антониу Гутерриштің пікірінше, бүгінде әлемде 750 миллион адам ашқұрсақ жүр. Тағы ондаған миллионы кедейшілік алдында тұр. Халықаралық ұйым басшысы теңсіздік мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, бай мемлекеттермен салыстырғанда өзге елдер атмосфераға зиянды заттарды аз бөледі. Алайда жаһандық жылынудан көп зардап шегеді. Өйткені климаттың өзгеруімен күреске ақшасы жетпейді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Әлемдік қаржы жүйесі ескіріп кеткен. Ол 21 ғасырдың талаптарына сай келмейді. Бүгінде әлемде 50-ден аса мемлекет дефолтқа ұшыраған не соған жақын қалды. Бұл тізімде климаттың өзгеруінен ең қатты зардап шегіп отырған ел көп. Жаһандық қаржы жүйесін реформалауға көп уақыт кетеді. Ал бізге мәселенің шешімін дәл қазір табу керек.
Саммит қатысушылары Париждегі Броньяр сарайының ішінде жаһандық мәселелері талқылап жатқанда, экобелсенділер оның сыртында наразылық акциясын ұйымдастырған. Жиылған жұрт әлем басшыларын қазбалы отын саласын қаржыландыруды тоқтатуға шақырды. Наразы топ қатысушыларының қатарында танымал экобелсенді Грета Тунберг те бар.
Грета Тунберг, экобелсенді:
- Шыны керек, бұл саммитте нақты бір шешімдер қабылданады деп ойламаймыз. Бірақ десе де болашағымыздың қандай болатынын болжап, ой-пікірлермен бөліссек те қайда жатыр. Адамзат күрделі кезеңге аяқ басты. Қазір парниктік газдардың шығындылары бұрын-соңды болмаған межеге жетті. Атмосферадағы көмір қышқыл газының мөлшері адамзат тарихындағы ең жоғары деңгейде.
Кедей елдерге 100 млрд доллар бөлінеді.
Негізі екі күндік саммит қорытындысы бойынша қабылданған нақты бір шешімдерге қатысты мәлімделемер әлі жасалмады. Десе де Франция президентінің айтуынша, шарада кедей елдерге климаттың өзгеруімен күреске 100 миллиард доллар бөлу туралы міндеттемеге нүкте қойылды. Бұл келісім сонау 2009-жылы қабылданған. Алайда осы күнге дейін қажетті сома жиналмаған. 2020-жылғы мәлімет бойынша, 100 миллирадтың орнына 83 миллиард доллар болған. Ақшаны бай елдер жинап беру керек еді. Алайда АҚШ-тың өзі қажетті соманы толық бөлмеген. Енді саммит қатысушылары қыруар қаржының бөлінуін толықтай мақұлдаған. Сонымен қоса алқалы жиын қатысушыларының биоалуантүрлілікті сақтау және ормандарды қорғауға арналған арнайы қор құруға да келіскені белгілі болды.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через