фото: https://pixabay.com/ru/
Олимпиадаға дайындық жұмыстарына арналған Штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр. Канвондағы (Корея) қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында Ұлттық құрама спортшылары сәтті өнер көрсеткеннен кейін Штаб Париждегі жазғы Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындықты бастады.
ҚР Спорт комитеті мәлім еткендей, XXXIII жазғы Олимпия ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Париждегі додада 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 19 лицензиясы (спорттың 8 түрінен) бар (садақ ату – 4, велошоссе – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1). Олимпия ойындарына дейін 69 лицензиялық жарыс қалды. Оның ішінде 5 әлем чемпионаты, 7 Азия чемпионаты және 57 рейтингтік турнир бар.
«Биылғы жылдың басты спорттық оқиғасы – Париждегі жазғы Олимпия ойындары болмақ. Штабтың алдағы мақсаты – халықаралық турнирлерде спортшылардың сәтті өнер көрсетуіне жағдай жасау және мүмкіндігінше көп лицензия олжалау. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігі, спортшының қажеттілігі, медициналық-биологиялық тұрғыда қамтамасыз етілгені, оның ішінде физиотерапия, оңалту мен жарақаттардың алдын алу, психологиялық қолдау және жарысқа дайындық кезінде күйзелісті жеңу сияқты жағдайлар ескерілген жеке жоспар бойынша дайындалады. Сонымен қатар штаб спортшылар мен делегация мүшелерін керек-жарақпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатыр», - деді Олимпиадаға дайындық жөніндегі штаб басшысы Елсияр Қанағатов.
Штаб – Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылған уәкілетті орган. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через