Париж Олимпиадасына арналған киім дизайны әлі дайын емес

Париж Олимпиадасына арналған киім дизайны әлі дайын емес
фото: pixabay.com

Париждегі жазғы Олимпиадаға арналған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасының үлгісін әзірлеуге арналған конкурс қайта жарияланды. Спорт және дене шынықтыру комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» осылай хабарлады. 

Осыған дейінгі ақпан айында басталған Қазақстан ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурста қатысушылардың ешбір эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпауына байланысты комиссия 1-ші конкурсты өтпеді деп шешім шығарды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  "kaz.inform.kz" сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Киімдер ту ұстаушылар, салтанатты рәсім мен жаттығуға арналған жұптан тұрады. Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды.

Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшыларымыз бен БАҚ қызметкерлері кіреді. 

Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы ереже шарттарына сәйкес комиссия отырысында анықталады.

Конкурс кезеңдері:

I кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылар өтініштерін, материалдарын қабылдап, қарайды (2024 жылғы 10 сәуір 20:00-ден 15 сәуір сағат 18:30 дейін).

ІІ кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, жарияланады (2024 жылғы 16-17 сәуір аралығы).