фото: Aikyn.kz
22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында IV Азия пара ойындары өтеді. 4 жылда бір рет өткізілетін жарыста спорттың 22 түрінен 564 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Байрақты бәсекеге еліміздің атынан 131 спортшы қатысады, олар 14 спорт түрінен 485 медаль жиынтығы үшін таласады. Олар пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара нысана көздеу, пара таэквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара ескек есу, пара садақ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және шахмат сияқты жарыстарда бақ сынайды. Айта кетейік, атлеттеріміз спорттың пара таэквондо, пара велоспорт, пара каноэ, пара ескек есу және бочча түрінен Азия пара ойындарында алғаш рет өнер көрсетеді.
Ойындардың ашылуы мен жабылуы салтанатында еліміздің Туын ұстаушылар – волейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері параспортшымыз Жанғали Сүйеуов және пара үстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы.
«Бүгінге дейін Азия Пара ойындарына дайындық аясында ұлттық құрамалар спорттың 14 түрінен 40-тан астам оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшылар оқу-жаттығу жиындары кезінде қалпына келтіру шараларынан толықтай өтіп, қажетті медициналық препараттармен қамтамасыз етілді», – деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.
Естеріңізге салсақ, спортшылар мен жаттықтырушыларды біржолғы қаржылай қолдау Азия ойындарының жүлдегерлерімен бірдей мөлшерде болады. Осылайша, Азия Пара ойындарының чемпионы атанған спортшы 10 мың АҚШ доллары, ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушы – 5 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алады. Құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдегеріне – 5 мың АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 3 мың АҚШ доллары беріледі. Сондай-ақ қола медаль жеңіп алған ұлттық құраманың спортшысы үшін 3 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру және оның жаттықтырушысы үшін 2 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйлық қарастырылған.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через