Отбасылық жанжалдан жапа шеккендер үшін 143 орталық ашылады - вице-министр

Отбасылық жанжалдан жапа шеккендер үшін 143 орталық ашылады - вице-министр
       Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен кездесті.

       Өңір тұрғындарымен жүздесуде Евгений Кочетов көпбалалы отбасыларды және жастарды қолдау мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқанын айтып берді.

       «Отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерді уақытша орналастыру жөніндегі орталықтарды құру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2021-2022 жылдары елімізде 68 отбасын қолдау орталығы ашылды. 2025 жылға дейін тағы 143 орталық ашу жоспарланып отыр», - деді ол.

       ШҚО-да 3794 көпбалалы отбасы тұрады. Оның ішінде 2660-ында төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар. 152 аз қамтылған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

       «Дарынды жастарды және олардың түрлі гранттық жобаларын қолдау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жалғасады.2029 жылға дейін 1 млн ауыл жасын жұмысқа орналастыру, 1,5 миллион жастың цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету көзделуде, - деді вице-министр.

       Евгений Кочетовтың айтуынша, жастар мен волонтерлік бастамаларды дамытуға бағытталған жобаларды гранттық қаржыландыру ұлғаяды. Сондай-ақ жыл сайын жас ғалымдардың зерттеулеріне 1000 грант берілмек.

       ҚазАқпарат